ҚР Мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова Қазақстанда коронавирус жұқтырған 76 бала, оның ішінде бір жасқа толмаған екі баланың барын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта елде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың ішінде бір жасқа толмаған екі бала бар. Олар клиникалық хаттамаға сәйкес қандай препараттарды қандай мөлшерде беру керектігі бекітілген тәртіпке сай ем алуда. Ол балалардың бірінің жағдайы қанағаттанарлық, вирус жұқтырғанымен аурудың белгісі байқалмайды. Екінші баланың жағдайы ауыр. Бірақ ол бала туабітті патологиясына байланысты ауыр жағдайда жатыр», - деді Айжан Есмағамбетова ОКҚ-да онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында.
Мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Қытайдан келген медицина мамандарының тәжірибесі туралы да сөз қозғады.
«Қытайлық мамандар коронавирустың алдын алу бойынша Қазақстандағы шаралармен танысты. Әлбетте олардан алған тәжірибені біз өз жұмысымызда пайдаланып жатырмыз. Жалпы медициналық қызметкерлердің арасында қазіргі таңда 13 өңірде 423 коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайы тіркелді. Жоғары көрсеткіш Алматыда (53 пайыз), Нұр-Сұлтанда (33 пайыз), Шымкентте (24 пайыз) байқалуда. Медициналық ұйымдарда дәрігерлердің жетіспеушілігін болдырмау мақсатында әр өңірде дәрігерлердің 10-20 пайыздық резерві қарастырылған. Сол себепті бүгінгі таңда медицина қызметкерлері жеткілікті деп айтуға болады», - деді ол.