16 қаз, 2020 сағат 08:31

Коронавирус жұқтырған 7 мыңнан астам медқызметкер төлем алды

COVID-19-бен күресуге тартылған 7 688 медицина қызметкері коронавирустық инфекцияны немесе вирустық пневмонияны жұқтырған жағдайда мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) берілетін біржолғы әлеуметтік төлемді алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Сондай-ақ, МӘСҚ аурудың салдарынан қайтыс болған 182 медицина қызметкерінің туыстарына төлемдер аударды. 

Төлем төленетін медицина қызметкерлерін өңірлердің және республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтау басқармалары жанындағы арнайы комиссиялар ауырған медицина қызметкерлерін тексеру нәтижелері негізінде анықтайды. Өтінімдерді жинақтауды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жүзеге асырады, одан кейін өтінімдер электрондық іс макеттерін қалыптастыру үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-қа беріледі, содан соң төлем тағайындау үшін МӘСҚ-ға жіберіледі.

16 қазан сағат 9.00-дегі жағдай бойынша МӘСҚ COVID-19 немесе вирустық пневмония жұқтырған 7 688 медицина қызметкерінің өтініші бойынша және аурудың салдарынан қайтыс болған 182 медицина қызметкеріне қатысты ақшалай қаражатты тағайындау мен төлеуді жүзеге асырды. Осылайша, төлемдерді COVID-19-бен күресте қайтыс болған барлық медицина қызметкерлерінің туыстары алды.

Өңірлер бөлінісінде медицина қызметкерлеріне COVID-19 немесе вирустық пневмонияны жұқтыру жағдайына төлемдердің ең көп саны Нұр-Сұлтан (1246) және Алматы (863) қалалары және Атырау (645), Қарағанды (552), Шығыс Қазақстан (542) және Ақмола (501) облыстары бойынша жүргізілді.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мен ҚР Денсаулық сақтау министрінің 9 сәуірдегі «Денсаулық сақтау ұйымдарының COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы күрес жөніндегі эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған қызметкерлері аталған инфекцияны жұқтырған немесе одан қайтыс болған жағдайда оларға біржолғы әлеуметтік төлемді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» бірлескен бұйрығына ағымдағы жылдың 22 шілдесінде енгізілген өзгерістерге сәйкес, жоғарыда көрсетілген төлем:

– коронавирустық инфекция немесе вирустық пневмония жұқтырған медицина қызметкерлеріне – 2 млн теңге;

– COVID-19 коронавирустық инфекциясын жұқтырғаннан, вирустық пневмониямен ауырып қайтыс болған жағдайда олардың отбасына – 10 млн теңге көлемінде төленеді.