24 жел, 2020 сағат 10:45

Коронавирус созымалы, онкологиялық аурулары бар адамдар үшін қауіпті - маман пікірі

Коронавирус созымалы, онкологиялық аурулары бар адамдар үшін өте қауіпті. Мұндай пікірді медицина ғылымдарының докторы, профессор Нұрлыбек Үдербаев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Вирус қанның ұйғыштығына әсер етеді. Кішкентай-кішкентай тромбтар пайда болады. Ағзада айналым орын алады. Алдымен қолқадан басталып, оның диаметрі 5 сантиметрді құрайды. Одан кейін диаметрі 1 сантиаетр болатын күретамырға, сонан соң қылтамырға, микрокапиллярға жалғасады. Осы кішентай тромбтар ағза арқылы өтіп, тамырдың жіңішке жеріне тұрып қалады. Бұл негізінен өкпе жүйесіне қатысты. Тромбтар қылтамырларды бітеп тастап, соның салдарынан өкпеде газ алмасу болмай қалады. Яғни, ең алдымен өкпе зардап шегіп, адамның тынысы алуы қиындай бастайды. Коронавирус инфекциясының өту механизмі міне осындай», - деп түсіндіреді дәрігер. 

Оның атап өтуінше, өкпе зағымданғаннан кейін оның жұмысын қайта қалпына келтіру өте қиынға соғады. 

«Коронавирусқа ағзаның әлсіз болғаны қажет. Адамдардың барлығы бірдей 100 пайыз ауырмайды. Пациенттердің 5-6 пайызы ауруға шалдығады. Демек, 100 адамның ішінде 5-6 адам ауруы мүмкін. Қалғандары ауырмайды. Әлемде де дәл осындай жағдай орын алып отыр. Сондықтан ағзада өзгеріс қалай орын алатындығын біліп отыру үшін халық арасында ақпараттандыру жұмысын жүргізіп, олардың өз проблемаларын дер уақытында анықтап, емделуіне жағдай жасау қажет. Бұл халықтың ауру жұқтырып алуының алдын алу деп аталады», - деді Нұрлыбек Үдербаев. 

Сонымен қатар білікті дәрігер қай санаттағы адамдар коронавирус инфекциясын жұқтырып алудан сақ болуы керектігін баса айтты. 

«Коронавирус созымалы аурулары, онкологиялық аурулары бар адамдар үшін өте қауіпті. Оларда бірінші кезекте вирус жұқтырып алу патологиясы болады. Қазіргі уақытта вакцинаны ең алдымен иммундық жүйесі бұзылған пациенттерге емес сау адамдарға салған дұрыс. Ал иммундық жүйесі бұзылған адамдарды дәрі-дәрмекпен, өзге де препараттармен емдеген жөн», - деді медицина ғылымдарының докторы. 

Ал пульмонолог дәрігер Константин Гаркаловтың айтуынша, өкпедегі белгілер инфекция жұққаннан кейінгі жетінші-сегізінші күнде байқалады. Жетінші күнде компьютерлік томографиядан өкпенің зақымдануын тек 7-8 пайыз деңгейінде көруге болады, ал 14-ші күнге қарай өкпе 50 пайызға дейін зақымдануы мүмкін. 

«Компьютерлік томографияны жөтел мен ентігу пайда болғанда жасау керек. Өкпенің зақымдануы көрсеткіші науқас жағдайының ауырлығын көрсетпейді, себебі індетпен қатар тромбоваскулит жүреді. Бұл тұрғыда қан қоюланып, тромбтар пайда болады. Осы көрсеткіштерге адамның денсаулық жағдай тікелей байланысты. Кейбір науқастарда өкпесі 60-70 пайызға зақымданғанымен, оттек сатурациясы жақсы деңгейде көрінеді. Сонымен қатар өкпе тіні 30 пайызға зақымданған кейбір адамдарда оттек сатурациясы 85-ке дейін төмендеген жағдайлар кездесті. Өйткені тамырларда қанның айналымы баяулап, кері әсері болады», - деді ол.

Пульмонолог дәрігер Саттар Ералиев КВИ-дің ауыр түрлерінде өкпе ғана емес, ми және вегетативті нервтер, бауыр және ұйқы безі, бүйрек зақымданатындығына назар аудартады. 

«Қазір министрліктің тапсырмасы бойынша, жергілікті емханаларда реабилитациялық бөлімшелер құрылды. Сол жерде барып кеңес алған дұрыс. КВИ-дан кейін иммунитет төмендейді. Сондықтан тұмауға қарсы вакцина салдырған дұрыс. Жасы келген, яғни 65-тен асқан кісілер диабетпен, өкпенің созылмалы обструктивті ауруымен ауыратын кісілерге пневмококк инфекциясына қарсы вакцина салдырған жөн», – деді дәрігер.