27 қаз, 2020 сағат 11:31

Коронавирус салдарынан бюджет қанша қаржы жоғалтуы мүмкін?

Пандемия салдарынан салық түсімдері бойынша 1,1 трлн теңге кем жиналуы мүмкін. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Баспасөз мәслихатында коронавирус індетінің мемлекеттік қазынаның салық түсімдеріне әсері жайында сұралды. 

«9 айда шамамен 1 трлн 100 млрд теңге қаржы жоғалттық деп бағаладық. Сонымен қатар, микро және шағын бизнеске жеңілдіктер, төлемді кейінге шегеру және басқа да қолдау түрлері 1,5 трлн сомасында жасалды», - деді М. Сұлтанғазиев.

Оның сөзіне қарағанда, биылғы 9 айда мемлекеттік бюджеттің кірістері жөніндегі жоспары 92 пайызға, республикалық бюджет 82 пайызға, жергілікті бюджет 116 пайызға орындалды. Республикалық бюджетке түсімдерінің төмендеуіне пандемиямен байланысты сыртқы және ішкі факторлар әсер етті. Дүниежүзілік банктің деректері бойынша базалық болжамға сәйкес, биыл әлемдік жалпы ішкі өнім 5,2 пайызға қысқарады деп күтілуде.

«Қазақстанның көрсеткіштеріне тоқталсақ, үшінші елдермен тауар айналымы жыл басынан бері 13 пайызға төмендеді», - деді комитет басшысы.