24 қаң, 2020 сағат 14:59

Коронавирус өршіген Қытайдың Ухан қаласында 98 студент қалды – ҚР СІМ

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Ухан қаласында 230 қазақстандық студент оқитынын айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Карантиннің енгізілуіне байланысты Қытай аумағындағы біздің азаматтар үшін Бейжіңдегі Қазақстан елшілігі тәулік бойы жұмыс істейтін жедел желі ашты. Телефондарды елшіліктің веб-сайтынан немесе СІМ сайтынан қарауға болады. Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің және ҚР СІМ сайттарында жедел ақпаратты қадағалауға және жергілікті билік органдарының ұсыныстарын нақты ұстануға кеңес береміз», - деді Айбек Смадияров.

Оның айтуынша, Ухан қаласында 230 қазақстандық студент тіркелген.

«Бүгінгі таңда қалада 98 студент қалып отыр. Ал қалғандары демалыстың басталуына байланысты Қазақстанға және басқа да елдерге кетіп қалған. Біздің дипломаттар Ухандағы барлық студентпен байланыс орнатқан. Олар танымал мессенджерлер арқылы Ухан мен Қытайдың басқа қалаларында қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайлар кезінде қабылдау қажет сақтық шаралары мен тәртіп ережелері туралы хабардар етілген. Біздің студенттер оқитын ЖОО басшыларымен тікелей жұмыс байланыстары орнатылған. Сондай-ақ, Қазақстан елшілігі Хувей провинциясының Сыртқы істер басқармасымен байланысып, өзекті ақпарат алмасу және азаматтарымызды іздестіруге барынша көмек көрсету жөнінде келісімге қол жеткізді», - деді ол.

Айбек Смадияров атап өткендей, елшілікте бар ақпарат бойынша, Қытай аумағында анықталған коронавирустың жаңа түрінен туындаған ауруды жұқтырған пациенттердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ.

Айта кетсек, Айбек Смадияров бұған дейін Қытайдағы коронавирусты 830 адам жұқтырып, 25 адам көз жұмғанын хабарлаған болатын.