10 қар, 2020 сағат 11:20

Коронавирус: Қазақстандықтардың 15 пайызы тегін вакцинамен қамтамасыз етілмек

«СҚ-Фармация» ЖШС мен Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері коронавирусқа қарсы вакцинаға сұранысқа қатысты туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «Қазақстан халқының қанша үлесі коронавирусқа қарсы вакцинаны өз еркімен алуға дайын? Осы бағытта зерттеу жүрізгізілді ме?» деген сұрақ қойылды. 

«Біз жұмыс тобын құрдық, осы орайда бұл вакцинаға сұраныстың қай деңгейде болатындығын анықтау мақсаты қойылды. Болжам бойынша 2,4 млн доза ескерілген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының да нұсқаулары да бар. Дегенмен барлығы бюджетке байланысты болады, яғни медициналық ұйымдарға бөлінетін қаражат назарға алынады», - деді СҚ-Фармация» ЖШС-ның басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев. 

Өз кезегінде ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков бұл мәселеге қатысты пікір білдірді. 

«Бұл бағытта тұрақты талдау шаралары жүріп жатыр. Бастапқыда 2 млн доза туралы айтылған еді. Қазіргі уақытта осы мәселені қосымша пысықтап жатырмыз. Халықтың 15 пайызға жуығы тегін вакцинамен қамтамасыз ету қарастырылуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының берген кеңесіне байланысты бұл көрсеткішті арттыру үшін қосымша қаражат қарастырылуда», - деді Н. Асылбеков.