ҚР Денсаулық сақтау министрлігі биылғы 7 қаңтардағы жағдай бойынша Қытайдан келген қазақстандық және шетелдік азаматтардың жай-күйі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінге дейін жалпы 123 адам ауруханаға жатқызылды. 92 адам үйлеріне қайтарылды, 31-і ауруханада жатыр. Науқастардың жағдайы жақсы. Ухань қаласынан эвакуацияланған біздің азаматтар туралы айтар болсақ, Қазақстан Республикасына жеткізілген 83 азаматтың 13-інде қазіргі таңда дене қызуы жоқ. ЖРВИ белгісімен емделуін жалғастыруда», - деді бүгін өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп.
Оның айтуынша, Уханьнан эвакуацияланған Беларусь Республикасының – 5, Арменияның 1 тұрғынының жағдайы жақсы.
«Олардың дене температурасы қалыпты, денсаулықтарына шағымдары жоқ. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Уханьнан Түменге эвакуацияланған - 3 және Ташкентке эвакуацияланған 5 азаматының жағдайы жақсы. Олардың дене қызуы көтерілмеген, ЖРВИ белгілері байқалмаған. Денсаулықтарына шағымдары жоқ», - дейді ол.
Атап өтілгендей, барлық азамат Денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында. Карантин 16 ақпанға дейін созылады.