12 қаз, 2020 сағат 10:00

Коронавирус індеті кезінде жүректің ишемиялық инсульті көбейіп кетті – Мыңжылқы Бердіқожаев

Коронавирус індеті өршіп тұрған кезде ауруханаға ишемиялық инсультпен түскен науқастар саны артқан. Бұл туралы ҚР Президент іс басқармасы медициналық орталығының Нейрохирургия бөлімі меңгерушісі Мыңжылқы Бердіқожаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

- Қазіргі уақытта коронавирус індетіне қатысты эпидемиологиялық жағдайды қалай бағалайсыз?

- 17 тамыздан кейінгі ресми ақпараттарға жүгінетін болсақ – эпидемиологиялық жағдай тұрақты болып келе жатыр. Коронавирус белгілері бар пневмонияның қатты өсіп жатқаны байқалмайды. Провизорлық стационарларда жұмыс істейтін әріптестеріміз әзірге төсек-орындарды көбейтіп жатқан жоқ екенін айтты. Мұның бәрі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін білдіреді.

- Коронавирустың екінші толқыны елімізге қалай әсер етуі мүмкін?

- Дүниежүзі бойынша бұл дерт қайтадан өршіп жатыр. Негізінде вирус пайда болған күннен бастап қазіргі күнге дейін вирустың ағымы еш өзгерген жоқ. Қатты ауырған науқастар пайыздық мөлшермен алғанда бірқалыпты сақталып келеді. Ал екінші жағынан алып қарасақ, нақты неше адам коронавируспен ауырғаны туралы нақты ақпарат жоқ. Бір мәліметте халықтың жартысы ауырғаны туралы айтылса, енді бір ақпарат бойынша халықтың 70%-ы ауырғаны айтылады.

- Вирустық инфекцияға қарсы тұрудың қандай тиімді әдістері бар?

- Екі адам әлеуметтік қашықтықты сақтаған жағдайда вирусты жұқтырып алудан сақтана алады. Маска киген жағдайда вирустың 90%-ы масканың ішінде қалып қойып, 10%-ы ғана сыртқа шығады. Жалпы, қазіргі уақытта адамдар медициналық маска киіп жүруді, қолдарын санитайзермен тазалауды, тәртіпке бағынуды үйренді. Бөлмені жиі желдеткен жағдайда ауа ауысып, вирустың шоғырлануы бәсеңдейді де, жұғу қаупі азаяды. Дұрыс тамақтанып, денсаулық жағдайына көңіл бөлу де өз нәтижесін көрсетеді.

- Антидене вируспен күресуде қалай әрекет етеді? Осы туралы тоқталып өтсеңіз.

- Лимфоцит Т-лимфоциттері және В-лимфоциттері деп екіге бөлінеді. Вируспен бірінші кездесетін Т-лимфоциттері әрекет ете бастап, олардан алынған ақпаратты В-лимфоциттері өңдеуден өтізіп, сол В-лимфоциттерінің құрамынан ақуыздар бөлінеді. Ақуыздар Т-лимфоциттерінің шабуылдап жатқан вирусымен байланысқа түсіп, вирусты бейтараптандыруға әрекет жасайды. Егер адам мен адам байланысқан кезде вирус жүктемесі аз болған жағдайда – Т-лимфоциттері вирусты жеңіл бейтараптандырады. Ал адам ауруханадағы вирус жұқтырған науқастармен байланыста болса, яғни вирус жүктемесі көп болған жағдайда вирус ағзаға өтіп кетіп, В-лимфоциттер антидене түзеді. Антидене түзілген-түзілмегенін қан талдауын жасату арқылы анықтауға болады. В-лимфоциттерінің есте сақтау қабілеті бар. Болашақта аталған вирус ағзаға қайтадан түскен жағдайда ол вирусты есіне түсіріп, антидене түзе бастайды. Вакцина жасаудың негізгі идеясы да сол: В-лимфоциттерін «ынталандырып», вируспен кездескен кезде күресетіндей етіп қояды.

- Коронавирусқа қарсы вакцина дайын емес, бірақ дәрігерлер бұл дерттің алдын алу үшін тұмауға қарсы екпе жасауға кеңес береді. Оның тиімділігі бар ма?

- Адамның ағзасы ауырмаған, шаршамаған болса басқа да вирустық инфекцияға төзімді болады. Вакцина адам ағзасындағы ресрусты сақтап қалуға мүмкіндік береді. Тұмаудың үстінен коронавирус қосылатын болса адам қатты әлсіреп қалуы мүмкін, сол себепті вакцина еккен дұрыс.

- Коронавирус пен нейрохирургияның байланысы туралы айтып өтсеңіз.

- Коронавирустың кесірінен жоспарлы түрде емін алуы керек науқастар уақытылы көмек алмады. Карантин аяқталғаннан кейін ол науқастар ауруы асқынған күйде келді. Оларды емдеу үшін көп ресурс керек болды. Тіпті ота жасау сәтіне жетпестен көз жұмып кеткендер болды. Коронавирус кезінде жүректің ишемиялық инсульті көбейіп кетті. Тромб үзіліп, ишемиялық инсультпен түскен науқастар саны артты.

- Аурудың алдын алу үшін әр адам қандай шараларды қолға алуы керектігі туралы кеңес бере аласыз ба?

- Әлеуметтік қашықтықты сақтап, қажет емес жерлерге бармаукерек. Екеуден артық адам бар жерде маска тағу керек, сондай-ақ жеке бас тазалығын сақтау қажет. Құранда айтылғандай, жиі дәрет алып, адамның денесі де, ойы да таза болуы керек. Осы шарттарды ұстанған жағдайда аурудың алдын алуға болады. Иммунитетті көтеру үшін таза ауада көп жүріп, құрамында Д, Е, А, Б дәрумендері бар кешенді қабылдап, жеміс-жидек жеу керек.

- Сұхбатыңыз үшін рахмет!