13 нау, 2020 сағат 16:18

Коронавирус: «Франкфурт-Алматы» рейсінде қай елдердің азаматтары болды?

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус жұқтырған жолаушы анықталған «Франкфурт-Алматы» рейсінде қай елдердің азаматтары болғанын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Франкфурт-Алматы» әуе бағдары тұрақты рейс болып саналады және жолаушылар ортақ терминал арқылы шықты. Біз 73 жолаушыны анықтадық, оның 41-і - Қазақстан азаматы, ал қалғандары - өзге мемлекет тұрғындары. Атап айтқанда, көпшілігі Германия азаматы болса, 16-сы - басқа елдердің азаматтары», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте. 

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус инфекциясын жұқтырған Қазақстанның екі азаматы Германиядан келгенін мәлім етті

Сонымен қатар коронавирус жұқтырған Қазақстан азаматтарымен бір бортта болған жолаушылар карантинге жатқызылатыны айтылды. 

«Екеуі де Қазақстанға ұшақпен ұшып келген. Бортта коронавирусты жұқтырғандармен бірге болғандардың бәрі де карантинге жатқызылады. Яғни, 9 наурызда бірге ұшқан 73 адамның кім екені анықталды. Олар бақылауда. Қайда екенін білеміз. Карантинге жатқызу шараларына кірістік. Олар - ауру адамдар емес», - деді Е. Біртанов.