16 сәу, 2020 сағат 12:56

Коронавирус: Елорда және өзге үш өңірде анықталған оқиғалар бойынша мәлімет

Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында анықталған коронавирус індетін жұқтырудың соңғы оқиғалары туралы мәлімет берілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" coronavirus2020.kz-ке сілтеме жасап.

16 сәуір, сағат 12.25-тегі соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирусқа шалдыққандардың жалпы саны 1341-ге жетті. Оның ішінде елордада – 5, Солтүстік Қазақстан облысында – 1, Шымкент қаласында – 3 және Батыс Қазақстан облысында 5 жағдай жаңадан тіркелді. 

Солтүстік Қазақстан облысында індет Мамлют ауданы Мамлютка қаласының 52 жастағы тұрғынынан анықталды. Ол 15 сәуірде Ресей Федерациясынан келген. 

«Науқас шетелден келгеніне байланысты карантиндік стационарға бұған дейін жатқызылған болатын. Анализдер алынды. ПТР зерттеу нәтижелері бойынша COVID-19 диагнозы қойылды. Ол Бірінші қалалық аурухананың жұқпалы бөліміне жатқызылды», - делінген ақпаратта.

Нұр-Сұлтан қаласында 31 жастағы әйел, 26 жастағы - екі және 25 жастағы бір қыз инфекция жұқтырды. «Барлығы да науқас адамдармен байланыста болған. 37 жастағы тағы бір әйел тексеріс барысында анықталды. Олармен байланыста болған адамдарды іздеу жүргізілуде», - делінген ресми мәліметте. 

Шымкентте жаңадан тіркелген 3 науқастың барлығы қала тұрғындары. «Тестілеу кезінде КВИ жұқтыру қаупі жоғары медицина қызметкерлерінің контингенті анықталды. ПТР диагностикалық зерттеу нәтижелері бойынша диагноз нақтыланды», - делінген таратылған ақпаратта. 

Ал Батыс Қазақстан облысында 5 жағдай анықталды. «Бір науқас диагнозы бұрын расталған науқастармен бірге РФ-дан вахтадан келді. Екінші пациент байланыста болғандар қатарынан анықталды. Қалған үш науқас РФ-дан келді. Олар «Тасқала«шекара бекетінде РФ-дан келгендерге мониторинг жүргізу барысында анықталды. Қазіргі уақытта барлығының жағдайы - қанағаттанарлық. Бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті емдеу жүргізіледі. Олармен байланыста болған адамдар анықталып, медициналық бақылауға алынды. Ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі», - делінген баспасөз хабарламасында.