20 жел, 2020 сағат 11:37

Коронавирус: Алмаз Шарман вакцинацияның тиімділігін айтты

Қазақстанның Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман COVID-19-ға қарсы вакцинацияның тиімділігі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алмаз Шарманның айтуынша, әлемдік сарапшылар пандемияның 2021 жылдың ортасында немесе соңында аяқталатынын болжап отыр.

Бұл тиімді және қауіпсіз вакциналардың дайндалуымен байланысты. Қазір әлемде мұндай вакциналарды жасау үшін 200-ге жуық зертхана жұмыс істеп жатыр. 

«Коронавирусқа қарсы Pfizer/BioTech және Moderna компаниясының вакцинасы жақында сынақтан сәтті өтті. Олардың тиімділігі 95 пайыздан асқан. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Екі вакцина матрицалық РНҚ-ның ең заманауи технологиясына негізделген. Оның басты ерекшелігі тек антиденелердің бөлінуіне ғана емес әрі жасушалық иммундық әсеріне де ықпал етеді. Бұл нәтижелердің барлығы медицина мамандарының болжамынан асып түсті. Демек, ғалымдар COVID-19-ды жеңу жолында тағы бір маңызды қадам жасаған сынды», - деді ол. 

Келер жылы бірнеше миллиард дозада түрлі вакциналар өндіріледі деп күтілуде. Бұл ретте, әлемде халықты вакцинациялау мәселесі түрлі пікірлер тудыруда.

Профессордың сөзінше, вакциналар адамзатқа пандемиядан қорғайтын иммунологиялық көпшікті қалыптастыруға көмектеседі. Алайда, ағзада коронавирусқа қарсы бейтарап антиденелердің қаншалықты ұзақ сақталатыны және адамның қанша уақытқа иммунитетке ие болатыны әлі де белгісіз. 

Еске салсақ, Қазақстанда отандық QazCovid-in вакцинасын клиникалық зерттеудің қорытынды III кезеңінің басталуы мақұлданды. Алдын ала зерттеу нәтижелері вакцинаның жоғары қауіпсіздігі, иммуногенділігі және тиімділік деңгейінің 96% көрсетіп жатыр.

Коронавирустан қазақстандық вакцинаны жасаушы ғалым, профессор Леспек Күтімбетов вакцина әзірліктің қандай фазасында екенін айтты.

Оның айтуынша, ҚР БҒМ Ғылым комитеті Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты 5 вакцина дайындап жатыр. 

Оның ішінде «QazCovid-in» деп аталатын біреуі ерікті адамдарға сыналып үлгерген. Қазір сынақтың 2 фазасынан да өтті. «Бірінші фазасында 18 бен 50 жас аралығындағы 44 адамға егілді. Екінші фазасы 30 қарашада аяқталды. Оны 50 жастан асқан 200 адамға салып көрдік. Клиникалық зерттеулер оң нәтиже көрсетіп отыр. Вакцина иммуногендік белсенділік тудырады. COVID-19-дан қорғайды», - деді профессор. Тіпті шілде айында вакцинаны ойлап табуға атсалысқан бірнеше ғалым оны өз ағзаларына сынап көрген. Леспек Күтімбетов қазақстандық вакцина иммуногендік қасиеті бойынша ресейлік «Спутник V»-дан күштірек болатынын жеткізді.