16 қар, 2020 сағат 18:10

Коронавирус: Әлемде 42 вакцина клиникалық сынақтан өтіп жатыр, оның бесеуі - қазақстандық

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бүгінгі өткен коронавируспен күрес шаралары туралы кеңесте тұмауға қарсы вакциналау жұмысы қалай жүріп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алексей Цой Президентке тұмауға қарсы вакцинациялау науқанының аяқталғанын да жеткізді. Әлеуметтік осал топқа кіретін 2,3 млн адамға екпе жасалды. Эпидемиологиялық маусым басталғаннан бері ЖРВИ-мен сырқаттану 2019 жылғы қыркүйек-қазан кезеңімен салыстырғанда 1,3 есе төмендеген. 

«ДДСҰ оптимистік болжамына сәйкес жаңа коронавирусқа қарсы тиімді вакцина 2021 жылдың бірінші тоқсанынан ерте дайын болмайды. Қазір әлемде 200 жуық вакцина жасауға үміткер бар болса, тек 42-сі клиникалық сынақтан өтіп жатыр. Оның 5-еуі - қазақстандық кандидат.

«Халықты коронавирус инфекциясына қарсы иммундау үшін вакцина өндіруге және сатып алуға, түрлі топтағы 3,6 млн адамды вакцинациялауға Үкімет резервінен 47 млрд теңге қажет» деді Денсаулық сақтау министрі.

ДДСҰ ақпаратына сәйкес, коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың төрт негізгі сценарийі бар. Қазақстанда, Оңтүстік Кореяда, Сингапурде, Жаңа Зеландияда және Израильде індет бақылауға алынды.

«ҚР-дағы эпидемиологиялық ахуал соңғы екі айда оптимистік болжамға сәйкес өтіп жатыр. Яғни қабылданған шаралардың нәтижесінде пессимистік болжам орындалған жоқ. Бұл потенциалды локдаунды бір айға шегеруге мүмкіндік берді», - деді А. Цой.

Министрлік елдегі және әрбір өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға тұрақты мониторинг жүргізеді, медициналық ұйымдар коронавирус инфекциясының екінші толқынына қарсы шаралар қабылдауда. 

Жағдайды тұрақтандыруға бағытталған шаралар өз тиімділігін көрсетті және Министрлік жергілікті атқарушы органдармен және басқа да мүдделі саламен бірлесіп, медициналық көмек пен дәрі-дәрмек көлемін жоспарлауда бар күш-жігерін салып отыр.