COVID-19 жұқтырған 64 адам жансақтау бөлімінен палаталарға ауыстырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Бүгінгі күні елімізде 64 пациент қарқынды терапиядан палатаға ауыстырылып, олардың бір бөлігі жазылып үйлеріне қайтты. Сонымен қатар, 2 пациент Нұр-Сұлтанға уақытылы жеткізіліп, ЭКМО аппаратына қосылды. Қазір олардың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланады. Бұның барлығы - Эксперттік топ жұмысының нәтижесі.
Айта кетсек, Қазақстан Республикасында коронавирусты инфекция (КВИ немесе COVID-19) жұқтырған пациенттерге диагностикалық, терапевтік және қарқынды көмек көрсету мақсатында Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен инфекцияны жұқтырған пациенттерге қарқынды терапия көрсететін эксперттік топ құрылған болатын.
Эксперттік топтың негізгі тапсырмасы – еліміздегі медициналық ұйымдарда ем алып жатқан COVID-19 бар ауыр және аса ауыр халдегі пациенттерге көрсетілетін емдік-диагностикалық көмек әдісін қадағалау мен оларға түзетулер енгізу.