26 мау, 2025 сағат 17:41

"Қорғас" халықаралық жүк және жолаушылар әуежайы салынады

Фото: Gov.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов Skyhansa компаниясының негізін қалаушы Кристин Грётцбахпен кездесу өткізіп, Жетісу облысындағы «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы маңында жүк және жолаушылар әуежайын салу жобасын жүзеге асыру мәселелері талқылады, деп хабарлайды Ult.kz.

«Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА-дағы халықаралық жүк және жолаушылар әуежайының жобасы ICAO халықаралық ұсынымдарына сәйкес авиациялық инфрақұрылым салудың үш кезеңді бағдарламасын көздейді.

Бірінші кезең шеңберінде 2027 жылға дейін:

  • - өткізу мүмкіндігі сағатына 50 адамға дейін жолаушылар терминалын (2032 жылға қарай – сағатына 500 адамға дейін);
  • - JET A-1 авиаотыны жаңа түрінің заманауи отын қоймасының көлемі жылына 200 мың тоннаға дейін (2032 жылға қарай – 550 мың тоннаға дейін);
  • - автотұрағы және жылына 50 мың тонна теміржол тұйығы бар жүк терминалын (2032 жылға қарай – жылына 250 мың тоннаға дейін) салу жоспарлануда.

Екінші және үшінші кезеңдер шеңберінде 2032 жылға дейін туристік және ойын-сауық инфрақұрылымы да құрылады. Инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 250 млрд теңгені құрайды. 

Сондай-ақ жобада Air–Rail–Auto-Air жүк тасымалдарының мультимодалды сызбасын әзірлеу және Азия-Тынық мұхиты аймағы бағытындағы көлік және логистикалық маршруттардың түйіскен жерінде экономикалық өсудің жаңа мүмкіндіктерін ашу көзделген.

Кездесу соңында ҚР Көлік министрлігі мен Skyhansa арасында Инвестициялар туралы келісімге қол қойылды. Құжатқа сәйкес, инвестор қажетті авиациялық инфрақұрылым құрылысын, негізінен отандық материалдар мен қызметтерді пайдалануды, сондай-ақ жобаны жүзеге асыруға қызметкерлердің кемінде 90%-ы Қазақстан азаматтары болуын қамтамасыз етуге міндеттеледі. Қазақстандық тарап инженерлік және көлік инфрақұрылымын тартып, сондай-ақ арнайы экономикалық аймаққа қатысушыларға мақсатты жеңілдіктер береді.