ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Руслан Шпекбаев «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігіне әскери қоймалар мен оқ-дәрі сақтайтын базалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын айтты.
«Арыс қаласындағы жарылыстан кейін Қорғаныс министрлігі зымырандар мен оқ-дәрілерді сақтау нысандарында төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған шаралар қабылдаған болатын. Осы екі жылдың ішінде нормативтік құқықтық базаны жетілдірілді. Былтыр мамыр айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойылды. Осы заңды іске асыру үшін Үкімет қаулысымен тыйым салынған аймақтар мен аудандарды белгілеу ережесі қабылданды. Бұдан басқа, оқ-дәрілерді ұйымдастыруды және сақтау тәртібін регламенттейтін ведомстволық нормативтік құқықтық актілер қайта қаралды», - дейді министрдік орынбасары.
Оның сөзіне қарағанда, қорғаныс заңнамасына әлі де өзгерістер енуі мүмкін. Соның бірі қауіпті оқ-дәрінің көзін жою мәселесімен байланысты.
«Біздің бастамамызбен заңнамаға Қорғаныс министрлігіне сақтау объектілеріне қауіп төндіретін немесе қауіп төндіруі ықтимал оқ-дәрілерді өз бетінше жою құзыретін беретін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Қазіргі тәртіп бойынша пайдаланылмайтын оқ-дәрілердің бәрі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Қазтехнология» АҚ ведомстволық ұйымына беріледі. Сол ұйым қолданыстан шыққан оқ-дәріні өнеркәсіптік тәсілмен кәдеге жаратады», - дейді Руслан Шпекбаев.
Қорғаныс министрлігі Қарулы Күштерде қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау объектілерін жетілдіру жөніндегі 2019-2024 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірлеген. Ведомство өкілінің айтуынша, сол жоспардағы іс-шаралардың әлі 50%-ы орындалмаған.
«Бүгінгі күні қауіпсіздік талаптарын және олардың елді мекендерден қашықтығын ескере отырып, оқ-дәрілерді сақтайтын жаңа базалары мен арсеналдарын салу жөніндегі мәселелер кешені шешілді», - деді Қорғаныс министрінің орынбасары.
