15 сәу, 2022 сағат 11:50

Қорғаныс министрлігіндегі аутсорсинг қызметі қолданыла береді


ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Сенат депутаттарының сауалына жолдаған жауабында Қарулы Күштер мен өзге де әскери құрылымдарды шаруашылық жабдықтау ісінде аутсорсингтен бас тартуға негіз жоқ екенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қарулы Күштерде аутсорсинг әскери қызметшілерді тамақтандыру және монша-кір жуу қызметінде ғана көрсетіледі. Сондай-ақ жауынгерлер мен жауынгерлік құрылымдарды мұнай өнімдерімен жабдықтауда ішінара аутсорсинг қолданылады. 

Қорғаныс министрлігінің ақпараты бойынша, Қарулы Күштерді материалдық-техникалық жабдықтау саласында аутсорсинг жүйесін пайдалану мақсатқа сай және тиімді. Оның үстіне бұл жүйе бейбіт уақытта жеке құрамның әскери дайындық процесінен алшақтап кетпеуіне, шектелген қаржыландыру жағдайында бюджет қаражатын тиімді жұмсауға жол ашады», - делінген Үкімет басшысының жауабында.

Әлихан Смайыловтың пайымынша, әлемдегі әскери-саяси жағдайдың ушығуын және жаһандық ауқымда шиеленістің артқанын ескеріп, Қарулы Күштердің негізгі күш-жігері мемлекеттің қорғаныс қабілетін және ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталып отыр. 

«Бұл ретте әскери қызметке тән емес функциялардың бәрі бәсекелі ортаға берілуде. Мүдделі мемлекеттік органдар (Қорғаныс, Қаржы, Ішкі істер,Төтенше жағдайлар министрліктері, Ұлттық қауіпсіздік қызметі, Мемлекеттік күзет қызметі) Қарулы Күштердің жекелеген бөлімдерінің өзін-өзі жабдықтауға көшуі тиімсіз екенін айтып отыр. Оның үстіне өзін-өзі жабдықтауға көшу мемлекет бюджетінің шығынын арттыруы мүмкін. 

Көкөніс сақтайтын орындар, дайындау бекеттері сияқты жаңа нысандар салу керек болады. Оған жарық, су, жылу/ салқындату, күзет, қосымша көлік ұйымдастыру керек болады», - деп жазылған жауапта.

Сонымен қатар асханаларды, қоймаларды, тоғазытқыштарды, технологиялық қондырғыларды, өзге де мүліктерді пайдалану үшін республикалық бюджеттен ақша шығындау қажет екені айтылған.

«Қазір мұның бәрін тамақтандыруды ұйымдастырып отырған қызмет көрсетушілер жалға алып отыр. Асхана мен кір жуу нысандарының персоналын ұстауға да қосымша қаражат қажет болады. 

Оның үстіне аутсорсинг жүйесін қолданудың өңірлік деңгейде мультипликативтік тиімділігі бар. Шағын және орта бизнесті дамытып, жергілікті халықтың жұмысқа орналасуына жол ашып отыр. Аутсорисингтен бас тарту осы адамдардың әлеуметтік наразылығын туындатуы мүмкін», - деді Әлихан Смайылов.