Қазақстанның Қорғаныс министрлігі А-400М ауыр әскери-көлік ұшақтарын сатып алу жоспарлап отыр. Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Руслан Шпекбаевтың мақаласынан мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған мақаладағы деректерге қарағанда, Мемлекет басшысы – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 19 қаңтар күнгі Қорғаныс министрлігінде сөйлеген сөзінде геосаяси жағдайды және өңірлік деңгейдегі қауіп-қатерлерді ескере отырып, Қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыруды талап етті.
Президент, сондай-ақ әскери-көліктік авиация паркін толықтыру қажеттігін де баса айтты. 2022 жылға арналған қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алу жоспарын қайта қарауды тапсырды.
«Осы тапсырмаларды орындау мақсатында жүк көтерімділігі 40 тоннаға дейін жететін А-400М ауыр әскери-көліктік ұшақтарын сатып алу жоспарланып отыр», - делінген сараптамалық мақалада.
Сондай-ақ онда еліміздің Әуе қорғаныс күштері қазіргі заманғы 4++ буындағы Су-30СМ жойғыштармен, өз тобында үздік саналатын С-295 әскери-көліктік ұшақтарымен, Zlin оқу-жаттығу ұшақтарымен, ЕС-145, Ми-171Ш тікұшақтарымен, Ми-35М көліктік-жауынгерлік тікұшақтарымен толықтырылғаны айтылған.
Келешекте Су-34 жойғыш-бомбалаушы, Су-39 шабуылдаушы ұшақтарын сатып алу жоспарлануда.
«Әуе шабуылына қарсы қорғаныс техникалары паркі де жаңартылуда. Бүгінде С-300ПС, С-200, С-125 зениттік-зымыран кешендері, отандық «Нұр» радиолокациялық станциялары жауынгерлік кезекшілікті лайықты атқарып келеді. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің, оның ішінде дәлдігі жоғары қарулардың мүмкіндігін арттыру үшін 2020 жылы Бук-М2Э зениттік-зымыран кешенінің дивизионы жауынгерлік қызметке кірісті.
Барлау, оның ішінде радиолокациялық барлау міндеттерін орындау, кедергілер келтіру және тәуліктің кез келген уақытында жерүсті нысаналарына дәл соққы беру үшін «Wing Long-1» екпінді-барлау, «Орлан-10Е» барлау, «Skylark – 1Lex» тактикалық ұшқышсыз ұшатын аппараттары сатып алынды. Сондай-ақ, түріктің «Anka» тектес дрондарын сатып алу мәселесі де қарастырылуда. Жалпы, әскерлерді ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жарақтандыру қажеттілікке сәйкес жоспарлы түрде жүзеге асырылатын болады», - деген автор мақаласында.
Министрдің орынбасарының мәліметінше, Қазақстанның Қарулы күштері 30 жыл ішінде 4 мыңнан астам заманауи қару-жарақ пен әскери техника түрлерімен қамтамасыз етілді.