16 қаң, 2020 сағат 09:29

Қорғаныс министрлігі «Соғыс жағдайы туралы» заңның жаңашылдықтарын түсіндірді

Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Данияр Әлжанов «Соғыс жағдайы туралы» заңның жаңашылдықтарын түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетсек, бұған дейін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне соғыс жағдайы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының бірінші оқылымда мақұлданғаны хабарланған болатын. Осыған байланысты Данияр Әлжанов заңнамаға сәйкес, кіруге тыйым салынатын аумақ түсінігі қалайша кеңейтілетінін айтып берді.

«Бұл жерде халықтың, әсіресе әскери нысандарға жақын тұратын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етді көздейтін кешенді шаралар әңгіме болып отыр. Бізде мынадай ұсыныстар бар:

- оқ-дәрі арсеналдары мен базасын жерді пайдаланудың ерекше жағдайдағы аумағына жеткізу;

- «тыйым салынған аудан» түсінігінің аясын кеңейту;

- сақтаудағы оқ-дәрілердің көлемі мен түрі, типіне қарай тыйым салынған аудандар мен аумақтардың көлемін бекіту;

- тыйым салынған аудандар мен аумақтардың көлемін ІІМ, ИИДМ, АШМ және әкімдіктермен бірге есептеу;

- тыйым салынған аумақ ережелерінің мәртебесін көтеру және оны бекіту бойынша Үкіметке құзірет беру;

- тыйым салынған аудандар мен аумақтардың шекарасын сақтау бойынша жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін күшейту», - деді Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы.

Данияр Әлжановтың айтуына қарағанда, аталған жұмыс 2019 жылдың жазынан бері депутаттармен бірге жүргізіліп келеді. Сонымен қатар, спикер басқа да сақтау нысандарында жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Арыстағы төтенше оқиғадан кейін министрдің тапсырмасы бойынша комиссия құрылып, оның құрамына біліктілігі жоғары әскери мамандар кірді. Комиссия бүкіл ел бойынша әскери нысандарға ревизия жүргізіп, талдады. Жылдар бойы жиналып келген кемшіліктерді анықтады. Бұл жұмыстың ауқымы өте кең. Осы жұмыстарды қорытындылай келе оқ-дәрілерді сақтау нысандарын жетілдіру бойынша кешенді жоспарға кірісіп кеттік», - дейді ол.