Фото: Қорғаныс министрлігі
Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев, «Орталық Азия өңірінің когнитивті-мінез-құлық терапиясы қауымдастығы» ҚБ төрағасы Жаннат Нұркина және «International Academy of Emotional Intelligence» ЖШС директоры Әсел Мұратова үш жақты құжатқа қол қойды, деп хабарлайды Ult.kz.
Генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев әріптестеріне азаматтық ұстанымы мен алдын алу және оқыту шараларын өткізуге көмек көрсетуге дайын екендігі үшін ризашылығын білдірді. Ол кездесуге қатысушыларды Қарулы күштерде жұмыс істейтін көп деңгейлі психологиялық жұмыс жүйесімен таныстырды.
"Қорғаныс министрлігі жағымсыз әрекеттердің алдын алуға бағытталған шараларды тұрақты түрде қабылдайды. Сіздің ұйымдарыңызбен ынтымақтастық, тәжірибе алмасу мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға, нәтижесінде әскери ұжымдардағы психологиялық ахуалды жақсартуға ықпал етері анық", – деді министрдің орынбасары.
Кездесу барысында Жаннат Нұркина мен Әсел Мұратова қорғаныс ведомствосына әдістемелік көмек көрсету үшін өз мекемелерінің қызмет ерекшеліктері мен ресурстары туралы айтып берді. Бұдан өзге тараптар меморандум ережелерін практикалық бағытқа көшіру жөнінде өз ұсыныстарын білдірді.
Құжатқа сәйкес ұйымдар қорғаныс ведомствосының психологиялық қызметінің мамандары үшін ақысыз онлайн-вебинарлар мен семинарлар өткізуге дайын. Олар қорқытудың, құмар ойынның, өзіне-өзі қол жұмсаудың, сондай-ақ әскери қызметшілердің эмоцияға беріліп кетудің алдын алуға байланысты көптеген мәселелерді қарастырады. Сонымен қатар офлайн форматта кездесулер, форумдар мен конференциялар өткізу де көзделген.
Айта кетейік, бұған дейін Қауіпсіздік комитеті сарбаздар арасындағы суицидтің ресми статистикасын ұсынған болатын.