29 жел, 2022 сағат 12:52

Қорғаныс министрлігі неге түрік техникасына басымдық берді?

Фото: sarbaz.kz

ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов әскери техника өндіретін отандық компанияның даулы мәлімдемесіне жауап берді және неліктен түркиялық техниканы сатып алғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат порталы.

«Қоғамда түрік өндірісінің бронды машиналарын сатып алу талқыланып жатыр, ол Қазақстанда өндірілетін техниканың тікелей аналогы көрінеді. Неліктен Қорғаныс министрлігі шетелдік жеткізушіге басымдық беріп отыр?», - деп сұрақ қойды тілшілер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов Қорғаныс министрлігі тапсырыс беруші екенін, яғни Қарулы Күштердің белгілі бір құрылымдық бөлімшелері үшін талап етілетін техникалық шарттарды жариялайтынын айтты.

«Kazakhstan Paramount Engineering компаниясы жөнінде өтініштер болды. Біздің білуімізше, қызметтік тексеру жүріп қана қоймай, олар бізді сотқа берді және сотта Қорғаныс министрлігі жеңіп шықты.

Неліктен түрік компаниясы таңдалды? Біз кез келген әскери техниканың арнайы тапсырмаларды орындауға арналғанын анық білуіміз керек. Арнайы операциялар күштерінің бөлімшелері үшін мұндағы «АРЛАН» БДМ брондалған машинасы жарамсыз, бірақ біз олардан бас тартпаймыз, талаптарға сәйкес келетін жекелеген бөлімшелер үшін сатып аламыз. Түрік компаниясы шығарған бронды доңғалақты машиналар туралы тиісті нұсқаулықтар бар. Олар бірнеше елде қызметке қабылданды және қарулы қақтығыстар кезінде өздерін көрсетті», - деді Сұлтан Қамалетдинов.

Өз кезегінде Әскери-техникалық саясат департаментінің өкілі полковник Бегелтаев министрліктің 2015 жылдан бастап Kazakhstan Paramount Engineering компаниясынан техника сатып алатынын айтты.

«Бүгінгі таңда Қарулы күштерде «АРЛАН» БДМ-нің 138 бірлігі бар. Жыл соңына дейін 10 техника жеткізуді жоспарлап отырмыз. Таңдау туралы шешімді талаптарға сәйкес алқа қабылдайды. Жұмыс нәтижелері бойынша министрлік техниканың белгілі бір түрлеріне және мемлекеттік қорғаныс тапсырысына қарай өтінім жасайды. Бұл ретте, Қорғаныс министрлігі орындаушыны таңдаумен және шарттар жасасумен айналыспайды. Бұл Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің уәкілетті органының құзыретіне кіреді. Осы жағдайды түсіндіру бойынша зауыттың өтініші Премьер-Министрдің кеңсесі арқылы келіп түсті. Белгіленген тәртіппен министрлік толық жауап береді», - деді спикер.