Фото: Ақорда
Қорғаныс министрлігі Астанадағы Ұлттық қорғаныс университеті аумағынан Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші неге алып тасталғанын түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты ведомство баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрлік бұған дейін "ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті" атауы "ҚР Ұлттық қорғаныс университеті" болып өзгертілгенін еске салды.
"Осыған байланысты Ұлттық қорғаныс университеті аумағында орналасқан ҚР Тұңғыш Президенті ескерткішін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайының ғимаратына көшіру және орнату туралы шешім қабылданды", - делінген хабарламада.
Министрлік мәліметінше, ескерткіш қазір қорғаныс ведомствосы ғимаратының бірінде уақытша сақтау қоймасында тұр. Дайындық шараларынан кейін ол орнату үшін мұражай ғимаратына көшіріледі.