Қазақстан қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Бақыт Құрманбаев өмірден өтті.
"2020 жылдың 14 шілдесінде Қазақстан Республикасы қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Бақыт Жанұзақұлы Құрманбаев дүниеден озды", - деп хабарлады ведомствоның ресми сайты.
Марқұмның артында әйелі мен екі баласы қалды. Құрманбаевтың неден қайтыс болғаны нақтыланбаған.
Қорғаныс министрлігінің басшылығы мен әскери қызметшілері генерал-майордың мезгілсіз қайтыс болуына байланысты туыстарына қайғырып көңіл айтады.
Құрманбаев Арыс қаласында төтенше жағдай салдарын жоюда айтарлықтай үлес қосып, пандемиямен күрестің алғашқы күндерінен бастап инфекцияның таралуына қарсы іс-шараларды ұйымдастыру мен қамтамасыз етуге белсенді атсалысты, деп атап өтті ведомсто.
Бақыт Құрманбаев 1970 жылы 21 қыркүйекте Өскеменде дүниеге келген.
1993 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдады. 2005 жылы Ресей Құрлық әскерлері әскери әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскери академиясында білім алып, ал 2008 жылы Ресей Қарулы күштері Бас штабы Әскери академиясының жоғары академиялық курстарын бітірді.
Әскери салада қондырғыларды қосу взводының, зениттік-зымыран батареясының командирінен бастап әр жылдары қорғаныс министрлігінде басшылық лауазымдарды, сонымен қатар, Қазақстан Қауіпсіздік кеңесі әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.
2017 жылы 6 мамырда президент жарлығымен оған "генерал-майор" әскери атағы берілді.
2019 жылы сәуір айында Құрманбаев Қазақстан қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалды. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету, қорғаныс өнеркәсіп кешенімен өзара іс-қимыл жасау, қару-жарақ және әскери техника, сондай-ақ, тылдық және медициналық қамтамасыз ету мәселелеріне жетекшілік етті.
Қызмет атқарған кезеңдерде II дәрежелі "Айбын" және II дәрежелі "Данқ" ордендерімен марапатталған.