Оңтүстік Кореяда бала қаққан Қазақстан азаматы қорғаушысын ауыстыратын болды.
Бұл туралы еліміздің Сыртқы істер министрлігінің өкілдері хабарлады.
Енді отандасымыз корей тарапы ұсынған мемлекеттік қорғаушының орнына жекеменшік адвокатты жалдамақ.
Айта кеткен жөн, қыркүйекте Оңтүстік Кореяға заңсыз жұмыс істеуге барған қазақстандық көлікпен бала қаққан болатын. Артынан оқиға орнынан ізін суытып, Қазақстанға кетіп қалған. Бірақ кейіннен кері қайтқан.
Бұған дейін 20 жастағы отандасымыз 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін деген ақпарат пайда болды.
"Қазіргі таңда тергеу жүруде. Тергеу аяқталғаннан кейін толық ақпарат беріледі. Әрине біздің консул оның бәрін қадағалап отыр. біздің азаматқа бірнеше рет барып қайтты. Ұстау жағдайына, тергеу жүргізу тәсілдеріне ешқандай шағымданған жоқ", -дейді ҚР СІМ баспасөз хатшысы Айбек Смадияров.