10 қар, 2016 сағат 08:35

Корея Қазақстанда газ конденсатын қайта өңдейтін бірлескен кәсіпорын ашуға ниетті

- Бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында аталған елдің Президенті  Пак Кын Хемен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпараттың арнаулы тілшісі Сеулден.

Келіссөздер барысында тараптар екі елдің арасындағы саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық мәселелерге  қатысты жайттарды кеңінен талқыға салды.

Сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қозғалып, ядролық қарусыздану проблемасы көтерілді. Айта кетерлігі, Корея көршілес Солтүстік Кореяның ядролық қару бағдарламасына байланысты алаңдаушылық танытып отырғаны белгілі. Сондықтан да Корея Қазақстан 2017-2018 жылдары аралығында Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болғанда ядролық қарусыздану және таратпау ісіне белсене араласуға ниет танытып отыр.

Мұнан бөлек, тараптар киберқауіпсіздік, энергетикалық ынтымақтастық мәселелерін  де қозғады. Бұл ретте Корея Батыс Қазақстан облысында газ конденсатын қайта өңдейтін бірлескен кәсіпорын құруға құлшыныс танытуда. Сауда-экономикалық саладағы байланыстарды нығайтып, екі ел арасындағы осыдан екі жыл бұрынғы әлемдік дағдарысқа байланысты төмендеген тауар айналымының көлемін арттыру жайы да қозғалды.

Келіссөздер барысында қозғалған тағы бір бағыт медицина туризмі саласы болды. Бұл орайда Корея тарапының Қазақстанда арнайы медициналық орталық ашуға да ниеті бар. Аталған орталық елімізде ашылған жағдайда бүгінде корей еліне барып ем алатын қазақстандықтардың өз жерінде жүріп-ақ сапалы медициналық көмек алуын мүмкіндік тумақ.

Президенттер 2017 жылы елордамыз Астанада өтетін ЭКСПО көрмесіне корей тарапының қатысуын да талқыға салды. Кездесу қорытындысында Қазақстан мен Корея басшылары стратегиялық серіктестік қарым-қатынасты одан ары тереңдету туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды.