Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қордайдағы жанжал бойынша 47 адамның ұсталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта 47 адам ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Олардан екі аңшы қаруы тәркіленді. ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабы (жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру және соған қатысу) және 99-бабы (кісі өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қоғамдық тәртіпті бұзғандардың бәрі де заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады. Қоғамдық тәртіпті қадағалау мақсатында оқиға орнында қазіргі уақытта полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан сарбаздары жұмылдырылған», - деді Ерлан Тұрғымбаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Еске сала кетсек, бұған дейін Ерлан Тұрғымбаев Қордайдағы оқиға салдарынан 8 адамны көз жұмғанын мәлім еткен еді.
«7 ақпанда сағат 19.00-де Жамбыл облысының Полиция департаментінің кезекші бөліміне Қордай ауданы Масанчи ауылында 70-тен астам адам төбелесіп жатыр деген хабарлама келіп түсті. Заңсыз әрекеттерді тоқтату үшін оқиға орнына дереу полиция қызметкерлері жіберілді. Сол жерде болған адамдар төбелесті видеоға түсіріп, әлеуметтік желі арқылы таратқан. Осының салдарынан басқа ауылдардан келген 300-ден астам азамат төбелеске қосылып кеткен. Екі жақ бір-біріне тас лақтырып, таяқпен ұрып, қару қолданды. 8 адам көз жұмды. 40-тан астам адам жарақат алды», - деді Ішкі істер министрі ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Бұған дейін Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Масанчи ауылының тұрғындары арасында жаппай төбелес болғанын хабарлаған болатынбыз.
Көп уақыт өтпей Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы оқиғаға қатысты пікір білдірді.
«Жамбыл облысы Қордай ауданында бұзақылық сипаттағы жаппай төбелес болды. Оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болған. Полиция жағдайды реттеп, өз бақылауына алды. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар жауапкершілікке тартылады», деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында.
Ал бүгін Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады.