09 ақп, 2020 сағат 10:27

Қордайда ұсталғандардың саны алғашқы айтылғаннан көп – ІІМ

Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди Қордайдағы оқиға кезінде нақты қанша адамның ұсталғанын айта алмайтынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Расында да, басында 47 адам ұсталған еді. Оқиға түнде тіркелді. Бұған дейін айтқанымыздай, ол жерде «хайп ұстап қалуды» ойлаған адамдар да болған. Кейбіреулер әртүрлі пікірлер таратқан. Сол себепті ұсталғандардың саны алғашқыда айтылғаннан да көп. Бәрі тексеріліп, жауап алынып жатыр. Олардың осы оқиғаға қаншалықты қатысы бары анықталуда. Нақты қанша адамның ұсталғанын қазір айта алмаймын. Ол жерде жедел тергеу амалдары жүргізілуде. Меніңше, қанша адамның ұсталғаны бүгін нақты айтылады», - деді Алексей Калайчиди ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатынан кейін тілшілерге.

Оның айтуынша, сегіз адам оқиға орнында, ал екеуі медициналық мекемеде көз жұмған.

«Әлі де жансақтау бөлімінде жатқандар бар. Үймен бірге азаматтардың құжаттары да өртеніп кеткен. Сол себепті біз аудан орталығында құжатт қалпына келтіретін көші-қон пунктін ашып қойдық», - деді ол.

Ал қанша азаматтың қырғыз шекарасына өтіп кеткенінен Алексей Калайчиди хабарсыз болып шықты.

«Біз тек оқиғаның ішінде жұмыс жүргізіп жатырмыз», - деді ол.