Қырым парламентінің вице-спикері Владимир Бобков Еуропалық одақ Керчь бұғазындағы құрылысқа қатысты саяси ойынын тоқтатып, екі түрлі стандарт саясатынан бас тартуы қажет екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik агенттігі РИА Новости порталына сілтеме жасап.
Дүйсенбі күні Ресей президенті Владимир Путин Қырым көпірінде жолаушылар тасымалы қызметін ресми түрде іске қосқан болатын. Сондай-ақ, мұнда жүк тасымалы қызметі 2020 жылдың 1 шілдесінде өз жұмысын бастайды.
Осыдан соң Еуропалық одақтың сыртқы байланыс қызметінің ресми сайтында мәлімдеме жарияланды. Онда "Ресей тарапы теміржол қызметін іске қосу арқылы Украина егемендігі мен оның аумағының біртұтастығын тағы бір рет бұзғанын дәлелдеді" деп жазылған.
Алайда Владимир Бобков бұл пікірмен мүлдем келіспейді.
"Балл немесе бонус алу үшін Қырым көпіріне қатысты саяси және дипломатиялық ойынды тоқтататын кез жетті. Керчь бұғазы арқылы көпір салу – тарихи оқиға, оны мойындау керек. Ресей инфрақұрылымдық тұрғыда тағы бір қадам алға басты", - дейді Қырым парламентінің вице-спикері.
Оның пікірінше, Еуропалық одақ екі түрлі стандарт ойынын жүргізіп отыр.
"Мысалы, еуропалықтар мұндай инфрақұрылымдық жаңалықтарға қуанатын (Дания мен Швеция арасындағы Эресунн көпірі). Алайда қазір олар өкініп отыр. Бұл – екі түрлі стандарт саясаты. Мұндай маңызды жаңалықты, яғни көпір құрылысын минусқа теңеу түсініксіз. Сондықтан Еуропалық одақтың мәлімдемесі қара ниетпен айтылған сияқты", - деді Владимир Бобков.