Көпбалалы отбасыларға 2 пайыздық ипотека беру мамырдың аяғында басталады. Бұл туралы тілшілерге «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгін біз биылғы мамырдың аяғында басталатын жаңа бағдарламаны талқыламақпыз. Бұл бағдарлама аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге негізделген. Оған төрт және одан көп баласы бас отбасылар, мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес отбасылар қатыса алады. Бұл отбасылардың табысы жоғары емес. Мысалы 12 млн теңге займ көлемінде алғашқы 8 жылда төлем 60 мың теңге шамасында, ал қалған 11 жылда 44 мың теңге деңгейінде болады. Осы бағдарлама аясында құрылыс салушылардан жаңа пәтерді алуға рұқсат етіледі. Сонымен қатар, аталған отбасылардың таңдауын кеңейту үшін ертеректе пайдалануға берілген пәтерлерді, жеке тұрғын үй түріндегі баспананы алу мүмкіндігі жасалады. Менің ойымша, көпбалалы отбасылар үшін елорда маңындағы үйлер қызығушылық тудыруы мүмкін», - деді Л. Ибрагимова ҚР Тұңғыш Президентінің Бес әлеуметтік бастамасының іске асырылуын бақылау жөніндегі қоғамдық кеңес отырысы алдында.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне осы бағдарлама бойынша өтінімдер көптеп түсуде.
«Көпбалалы және аз қамтылған отбасылар бұл бағдарламаны асыға күтіп отыр. Себебі осы бағдарламада несие бойынша ставка айтарлықтай төмен, яғни жылдық екі пайыз. Дәл бұл бағдарламада бастапқы жарна 10 пайызға дейін төмендетілді. 12 млн теңге тұратын пәтерді сатып алу үшін салымда 1 млн 200 мың теңге жеткілікті», - деді ол.
Бұдан бөлек, бірқатар облыстардың, елорда мен Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері тұрғын үй сертификаттарын бөлу ниетін білдіріп отыр. Бұл өз кезегінде арнайы әлеуметтік көмек ретінде жасалмақ. Тұрғын үй сертификаты кезекте тұрған отбасыға беріледі және оның сомасы 1 млн теңгеге дейін болады.
Бағдарлама талаптарына сәйкес, құжат тапсыру кезінде әрбір отбасы тұрып жатқан қаласындағы әкімдігіне барып, «Көпбалалы отбасы», «Мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп жатқан отбасы», «Толық емес отбасы» санаттары бойынша кезеке жолдама алады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында көпбалалы отбасыларға баспананы 2-3 пайыздық несиемен беру шаралары мамырда басталатыны айтылды.
Айта кетейік, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға 2 проценттік ипотека беру мәселесін қарыстыруды тапсырған болатын. Аталған несие нақты үш категорияға берілуі керек. Олар - көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар және мүгедек балалары бар отбасылар.