Көпбалалы отбасылар үшін 40 мың жалдамалы пәтер салынады. Бұл туралы бүгін "Нұр Отан" партиясының кезекті XVIII съезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Съезд барысында Президент Үкіметке "Нұрлы жер" бағдарламасын кеңейтіп, оның аясында көпбалалы отбасыларға 40 мың жалдамалы пәтер салуды тапсырды. Бұл шараға жыл сайын 50 млрд теңге бөлінетін болады.
Айта кетейік, Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен "Нұр Отан" партиясының кезекті XVIII съезі өтіп жатыр.
Съезд «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Онда бірнеше мәселені қарастыру көзделген.
Ең алдымен «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасы туралы мәселе қозғалады. Одан кейін партияның Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар қарастырылып, партия Саяси кеңесінің жəне Орталық бақылау-тексеру комиссиясының есепті кезең бойынша жұмысының қорытындылары шығарылады. Сонымен қатар партия Саяси кеңесінің жəне Орталық бақылау-тексеру комиссиясының мүшелері сайланатын болады.
Съезд жұмысына 2 мыңға жуық адам қатысуда. Олардың 1200-і - еліміздің барлық өңірлерінен келген делегаттар, ал қалған 800-ге жуығы - қонақтар.