10 сәу, 2017 сағат 09:58

Көпбалалы аналарды мәжбүрлеп жұмысқа шығару ойымызда жоқ - Дүйсенова

Көпбалалы аналарды мәжбүрлеп жұмысқа шығару ойымызда жоқ. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Өздеріңізге белгілі, 2014 жылдан бері «Өрлеу» бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Бізде 3 жасқа, 7 жасқа дейінгі  балаларын қарап отырған аналар бар. Егер сол азаматшалардың мүмкіншілігі болса, онда біз оларды оқытып, мамандыққа баулып, жаңа жұмысқа орналастыруды көздеп отырмыз. Балаларын қарап отырған аналардың бұл бағдарламаға қатысу-қатыспауы ерікті, міндеттеу жоқ. Азаматша өзінің мамандығын өзгертіп, әлеуметтік қызметкер боламын деп оқып, біздің бағдарламаға қатысамын десе, жұмыс беруге  даяр екендігімізді жеткізгім келеді», - деді Тамара Дүйсенова.

Естеріңізге сала кетсек, осыдан бір-екі күн бұрын бірқатар отандық бұқаралық ақпарат құралдары елімізде көпбалалы аналарды мәжбүрлеп жұмысқа шығару  қолға алынбақ деп байбалам салған болатын. Олардың жазуынша, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік жәрдемақыны шартсыз және шартты деп екіге бөліп қарастырады. Шартсыз жәрдемақыны отбасында табыс табатын адамы жоқ отбасы алады. Ал, шартты жәрдемақыны отбасында табыс табатын бір адам болса, онымен келісім жасалып, еңбек етуге міндеттейді. Олай болмаған жағдайда, ақша берілмейді.