20 мам, 2022 сағат 18:20

Конституцияға тілге қатысты өзгеріс енгізіле ме – Тоғжанов жауап берді


Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов әлеуметтік желіде тарап жатқан ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қазақстандықтар арасында тілге қатысты сан алуан петициялар таралып жатыр. Ал кейбір видеоларда алдағы референдумда тілге қатысты жасырын шешімнің қабылдануы туралы айтылады.

Вице-премьер Ералы Тоғжанов осы мәселеге қатысты әр түрлі пікір бар екенін атап өтті.

"Бірақ қандай да бір өзгеріс жасауға аса қажеттілік жоқ. Сондықтан алдағы референдумда тілге қатысты мәселе шығарылмайды", дейді ол.

"Мемлекеттік тілдің мәртебесі бұрыннан бері бекітілген. Қазір бұл саяси тұрғыда қаралатын мәселе емес, туған тілді тереңдетіп зерттеу керек. Мәселе сонда. Мен өзім еліміздің барлық азаматы алдымен мемлекеттік тіл – қазақ тілін білуі керек деп санаймын. Еліміздің азаматтары орыс тілін де білуі керек. Өйткені тарихи көршіміз бар, шекарамыз да 7 мың шақырымға жуықтайды. Меніңше, еліміздің азаматтары болашақта ағылшын тілін де білуге міндетті. Сол себепті көптеген мектептерде көптілді оқытуға басымдық беріледі. Бұл – дұрыс бағыт", - деді Тоғжанов сенаттағы парламенттік тыңдаудан кейін журналистерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, көп тіл білген адам ұтылмайды, керісінше, жан-жақты дамиды.

"Сондықтан бұл мәселені саясатқа айналдырмауды сұраймын", - деп атап көрсетті Тоғжанов.

Айта кетері, Конституцияға өзгеріс енгізуге арналған республикалық референдум 5 маусымда өтеді. Бюллетеньде бір ғана сұрақ болады. Соның нәтижесінде Ата заңымыздың үштен бір бөлігіне өзгеріс енгізіледі.

Референдумның нәтижесі ресми түрде жарияланған сәттен бастап Конституцияға өзгеріс жасалады. Ол үшін арнайы заң немесе жарлық шығарудың қажеті жоқ.