02 шіл, 2021 сағат 18:58

Қоңқабаев Олимпиададағы басты қарсыласын атады


Токио Олимпиадасында Қазақстанның намысын аса ауыр самақта қорғайтын Қамшыбек Қоңқабаев басты қарсыластары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Біріншіден, бір ғана өзбек боксшысы емес, одан бөлек 15 қарсылас бар. Сондықтан әрқайсысы өте қауіпті. Құдай қаласа, Олимпиадада өзбек боксшысымен кездесіп жатсақ, бұл жолы жеңіске жетеміз деген сеніміміз бар. Бас бапкеріміз Ғалымбек Қалиұлы мен жеке бапкерлерім бар. Тактика дайындадық. Бұйыртса есемді қайтарамын деген мақсат қойып отырмын», - деді спортшы.

Еске салсақ, Дубайда өткен Азия чемпионатында Қамшыбек Қоңқабаев өзбекстандық ежелгі қарсыласы Бахадүр Жалоловпен кездесіп, 0:5 есебімен ұтылған болатын. 

Қамшыбек Қоңқабаев бұл Олимпиадаға Қазақстанның туын ұстайтын екі спортшының бірі екенін айту керек. 

Бүгін Токио Олимпиадасына баратын спортшылармен кездескен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын алғаш рет екі бірдей ту ұстаушыға – жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова мен бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевқа табыстады.