Балғын шақтағы ой - ең тұнық ой. Гүлдің солғаны, жәндіктің мертіккені, бәрі-бәрі - жүрек ауыртып, көңілге кірбің түсіретін көрініс. Сондай шақта қаламға әуес бала мұң-шерін қағазға түсірмей тынши қоймайды. Азаматтық үн, өмірге көзқарас осылай-осылай қалыптаса бастайды. Ал, есейген шақтағы таным-түсінік болса әуел бастағы көзқарас негізінде толысатыны анық. Жастардың қоғамдағы оқиғаларға бей-жай қарамағаны кеудеге қуаныш ұялатады. Өйткені, өз ортасының айнасы әм келбеті саналатын олардың пікір-көзқарасы - замандастары үшін де, ересектер үшін де аса маңызды. Бүгін назарларыңызға мектеп оқушыларының түрлі тақырыптағы ой-толғамдарын топтастырып, ұсынып отырмыз.
ҚАЛАЙ СӘЛЕМДЕСКЕН ЖӨН?
Қазір екінің бірі бет сүйісіп амандасады. Шыны керек, амандасудың бұл түрі қазақы болмысымызға мүлде жат. Бұрын қыздар жігіттермен сәлемдескенде, көздерін төмен қаратып, сәл ғана иіледі екен. Өнегелі отбасынан шыққан қыз ата-анасынан алған тәлім-тәрбиесін дұрыс көрсете біліп, өздерінің абыройын әрдайым биік ұстаса дейсің. Жігіттер жағы да еркектік намысын ұмытпағаны жөн. Негізі қыз бен жігіттің амандасу мәдениетіне байланысты этикалық ережелер бар:
1. Жігіттер әрқашан қыздарға бірінші болып сәлем беруі тиіс. Бірақ ер адамның жасы үлкен болса, қыз бала алдымен амандасады.
2. Бөлмеге әйел адам кіріп келгенде, отырған ер адамдар орындарынан тұруы керек.
3. Қыз бен жігіт алғаш танысқанда (я болмаса жұмыс барысындағы әріптестік байланыста) қол алысып амандасу – әдептіліктің белгісі.
4. Ілтипат білдіргіңіз келсе, әйел адамның қолынан сүю арқылы ишара жасаңыз. Алайда мұндай құрметті ғимараттың ішінде ғана көрсетіңіз.
5. Қыз бен жігіт бір-бірімен сәлемдескенде, сәл бастарын изегені жөн.
Қарап тұрсаңыз, қыз бен жігітке арналған сәлемдесудің түрлі әдіс-тәсілі жетерлік. Әйтсе де, соңғы кездері амандасудың бет сүйісу әдеті жиілеп кетті. Ата-баба салтында, дінімізде деп білгішсіне бермейін. Бір сәт жеке гигиенаны да ойлаған абзал.
Айдана Қасымханова,
Семей қаласы
УАҚЫТТЫҢ ҚАДІРІН БІЛДІРЕТІН ҚҰРЫЛҒЫ
Бұл өмірде уақыттан қымбат ешнәрсе жоқ шығар, сірә. Адамзатқа берілген санаулы ғана ғұмырда сол алтын уақытты бос өткізбей, қоғамға пайдалы іс жасағанға не жетсін. Мен осынау уақыттың мән-маңызын ұғындырып, адамдарға өзіндік көмегін тигізетін уақыт құрылғысын жасап шығарғым келеді. Ол құрылғыны зерттеп жүргеніме біраз уақыт болды. Ендеше, сіздерге өзім жасап жүрген құрылғыны кеңірек таныстырып өтсем деймін. Бұл – қарапайым сағат. Бәріміз білетіндей бір тәулікте 24 сағат бар. Уақыт өткен сайын сағат санның өсімін көрсетеді. Мысалы, уақыт 02.20 минутты көрсетсе, бір сағаттан соң 03.20 болатыны белгілі. Ал, менің құрылғымда уақыт 24 сағаттан бір тәулік бойы азаятын болады. Мысалы, 24.00.00 – 23.59.55 болып азайып отырады. Сонда адамдар уақытының азайғанын көріп, оны тиімді пайдаланып, өмірін жақсы жаққа өзгертер еді.
Әр уақыттың, әр минуттың, әр секундтың құны ерекше. Сондықтан менің құрылғымның адамдарға берер пайдасы мол болар еді.
Темірлан Жұмаділ,
8-сынып оқушысы
Гвардейский әскери қалашығы,
Қордай ауданы,
Жамбыл облысы
ҚАЗАҚТЫҢ ӘЛІПБИІН ЖАСАҒАН БАЙТҰРСЫНҰЛЫ МА, БАЙТҰРСЫҢҰЛЫ МА?
«Азык-тулік дукені» , «Қурылыс заттар». Көптің көзі үйреніп қалған жарнама тақтайшалары. Мемлекеттік тілге деген қамқорлықтың жоқтығы ма, әлде сауатсыздықтан туындаған дүние ме, кім білсін, әйтеуір екі көшенің бірінде қате сөз көзге ұрып-ақ тұрады. Байтұрсынұлын Байтұрсыңұлы қылдық, «Қош келдініз!» деп қарсы алып, «Сапарыңыз сәтты болсын!» деп шығарып салдық. Байқадыңыз ба? Назар аудардыңыз ба? Кінә кімде? Тапсырыс беруші жарнама тақтайшаларын қабылдап алғанда мән бермейді, не болмаса тапсырыс берішінің де, жасаушы маманның да орфографиялық, ономастикалық білімі жоқ.
Қарбаласқа толы қала өмірінде тақтайшалардың барлығын зер салып қарауға мұрша бола бермес. Ал қатесін байқағандар күліп өте салатын жағдайда қазір. Осындай қате жарнама жасағандарға бірнеше рет ескерту жасадым. Бастарын шұлғып, сөзімді мақұлдайды. Бірақ, менің сөзімді баласына ма, нәтиже шығарған ешқайсысы жоқ. Сондықтан да, Есік қаласында орналасқан жарнама тақтайшаларын газетке түсіріп жіберуді жөн көрдім. Бәлкім, газеттен көріп ұялар... Құзырлы орындар бұл олқылыққа назар аударар.
Мадина ОҚАС,
11-сынып оқушысы