21 шіл, 2022 сағат 22:15

Конференция лигасы: Тобыл жеңіп, Қайрат қарсыласына есе жіберді


Футболдан UEFA Конференция лигасы екінші іріктеу сатысындағы қазақстандық командалар қатысуымен өткен тағы екі ойынның нәтижесі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алғашқы кездесуде Алматының «Қайраты» өз алаңында венгриялық «Кишварда» командасын қабылдады. 

Ойын барысында екі команда бір-біріне лайықты қарсылық көрсетті. Алма-кезек шабуыл жасады, дегенмен мол мүмкіндікті пайдалана алған жоқ. 

Екінші кезеңде венгриялық командадан Ясир Асани 82-минутта гол соғып кетті. Осылайша «Қайрат» қарсыласына 0:1 есебімен есе жіберді. 

Тағы бір кездесуде қостанайлық «Тобылы» өз алаңында Гибралтардың «Линкольн Ред Импс» командасымен шеберлік байқасты. 

Бірінші кезеңде ойын тізгіні негізінен алаң иелерінің қолында болды. Көптеген сәттерде қазақстандық клуб футболшыларына дәлдік жетіспей жатты. 

Екінші кезеңнің 65-минутында «Тобыл» ойыншысы Айбар Жақсылықов қарсыластар қақпашысын қапы қалдырды. 

Сондай-ақ, 89-минутта қостанайлық клубтан Серж Дебле есепті үстемелей түсті. 

Осылайша «Тобыл» алғашқы кездесуінде қарсыласын 2:0 есебімен жеңді.