29 шіл, 2022 сағат 08:54

Конференция лигасы: "Қызыл-Жар" футбол клубы сенсация жасады


Петропавл қаласының намысын қорғайтын "Қызыл-Жар" Конференция лигасының үшінші айналымына жолдама алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі Vesti.kz сайтына сілтеме жасап.

Хорватиядағы қарымта матчте 2:0 есебі тіркелді. Ойынның 62 минутында Гиорги Иванидзе есеп ашса, араға екі минут салып Мусса Коне таблодағы есепті еселеді.

Еске салайық, "Астана Аренадағы" бірінші кездесуде хорватиялықтар 2:1 нәтижесімен жеңіске жеткен еді. Қос ойынның қорытындысы бойынша 3:2 есебі тіркеліп, "Қызыл-Жар" жарыстың келесі кезеңіне шықты.

Осылайша өз тарихында тұңғыш рет еурокубок турнирінде бағын сынап жатқан солтүстік қазақстандықтар жеке көрсеткіштерін жақсартты.