Фото: Pexels.com
Қазіргі таңда Қонаев қаласында бес ойынхана мен үш ойын автомат залы жұмыс істеп тұр. Қалалық әкімдік мәліметіне сәйкес, бұл салада 2 306 адам еңбек етуде, олардың 90%-ы жергілікті тұрғындар, деп хабарлайды Kazinform ХАА.
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодекстің 557-бабына сәйкес, ойынханалардың кірісі салықтық құпия болып саналады. 2023 жылы ойынханалар мен ойын автомат залдарынан түскен салық 46,4 миллиард теңгеге жетсе, осы жылдың 9 айында 11,9 миллиард теңге түскен», – деп мәлімдеді қала әкімінің орынбасары Төлеген Кенжебеков.
Сонымен қатар, ол ойынханалар мен басқа да ойын бизнесі субъектілерін басқа аймақтарға көшіру немесе жабу жоспарлары туралы айтты. Қазақстанның «Ойын бизнесі туралы» заңына сәйкес, ойын бизнесі нысандары Ақмола облысының Бурабай ауданында және Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасы жағалауында орналасуы тиіс.
«Ойын бизнесі субъектілерінің орналасқан жерін басқа әкімшілік-аумақтық бірлікке көшіруді уәкілетті орган айқындайды», – деді Кенжебеков.
Оның айтуынша, жергілікті билік ойынға тәуелді азаматтарды есепке алмайды, бірақ мәселенің алдын алу шаралары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Айта кетейік, былтыр Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ойынханаларға кіру үшін қомақты қаржы қажет екенін және белгілі бір тұлғаға қатысты туыстары немесе құқық қорғау органдары өтінім берсе, олардың ойынханаға кіргізілмейтінін атап өткен еді.