18 там, 2021 сағат 13:21

Комуналдық тарифтің өсуіне не әсер етеді?


ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының міндетін атқарушы Асхат Жапсарбай коммуналдық қызметтер тарифінің көтерілуіне ықпал ететін факторларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Коммуналдық қызметтер тарифінің ақырғы бағасына көмір, газ, мазут, электр энергиясы сияқты стратегиялық тауарлар бағасының деңгейі айтарлықтай әсер ететінін атап өткен жөн. Мысалы, электрмен жабдықтау және жылумен жабдықтау қызметтері тарифінің 50%-ға дейінгі бағасын отынның өзіндік құны құрайды. Газбен жабдықтаудың тарифінде бұл көрсеткіш 80% -ға дейін жетеді», - деді Асхат Жапсарбай орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Оның айтуынша, тарифтердің көтерілуіне реттелетін тарифтердің қымбаттауы да әсер ете алады.

«Тауарлық газға көтерме бағаның 10%-ға дейін өсуі, энергия өндіруші ұйымдар үшін тарифтердің орта есеппен 15%-ға өсуі, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануға қолдау көрсету үстемеақысын енгізу, энергия өндіруші ұйымдардың тарифтерінің орташа есеппен 7,2%-ға артуы сияқты реттелетін факторлар әсер етеді. Реттелмейтін факторлар ретінде табиғи монополиялар субъектілеріне иесіз желілерді беру, желілерді сенімгерлік басқаруға қабылдау, оларды күтіп ұстауға арналған шығындар, көмір құнының өсуі (9% - ға өсті) сияқты фаторларды жатқызуға болады», - деп қорытындылады Асхат Жапсарбай.