Фото: kmg.kz
«ҚазМұнайГаз»
ұлттық компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев ҚР Президенті
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа қолдауы мен сенімі үшін алғыс білдірді, деп
хабарлайды «Ұлт ақпарат».
«Мұнай-газ саласында түрлі деңгейде еңбек еткен маман ретінде компанияны екі жыл бойы басқару мен үшін үлкен жауапкершілік жүктеген абыройлы міндет болды. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа қолдау білдіріп, сенім артқаны үшін алғыс айтамын.
Бұл жазбамен атқарылған жұмысты толық қамту мүмкін емес, десе де негізгі нәтижелерге тоқталып өтсем. Компания осы уақыт ішінде халықаралық серіктестермен бірлесіп бірқатар ауқымды жобаны қолға алды, мұнай тасымалында жаңа бағыттар іске қосылды, елімізде бірнеше өңірде геологиялық барлау жұмыстары басталды. СИБУР және Sinopec секілді әлемдегі жетекші компаниялармен Атырау облысында қуаты 1,25 млн тонна полиэтилен өндіру жөніндегі жобаны іске асыру үшін біріккен кәсіпорын құрылды», - деп жазды Мағзұм Мырзағалиев Твиттер парақшасында.
Айтуынша, KEBCO (Kazakh Export Blend Crude Oil) отандық мұнай брендінің пайда болуы компания үшін ғана емес, отандық мұнай-газ саласындағы маңызды оқиғалардың бірі болды.
«Бастапқыда KEBCO Brent-ке жеңілдікпен (барреліне шамамен $20) саудаланса, қазір отандық мұнай маркасы Brent-тен $2 қымбатқа бағаланады. Президенттің саяси шешімінің арқасында отандық мұнай экспортының бағыттарын әртараптандыру бойынша жұмыс басталды. Осылайша, Қазақстан мұнайы «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбырлары арқылы, сондай-ақ «Достық» құбыры арқылы Германияға тасымалданатын болды. AD Ports Group компаниясымен бірлескен кәсіпорын құрылды, 2023 жылы қарашада 2 танкер сатып алынды. Taraz және Liwa танкерлері Ақтау портынан Махачкалаға 48 рейс жасап үлгерді. Одан әрі Каспийде кеме жасау зауытын ашу жоспарлары бар.
Компанияның ұзақ мерзімді дамуы үшін ресурстық базаның маңызын ескере отырып, Өзен кен орнын оңалту жобасы қолға алынды. Өндірісті арттырып, кен орнын оңалту үшін жаңа технологиялар тартылуда», - деп жазды «ҚМГ» экс-басшысы.
Сондай-ақ ол ҚМГ-ның
геологиялық барлауды дамыту тұжырымдамасы қайта қаралғанын атап өтті.
«Нәтижесінде «Қаратон Подсолевой» және «Торғай Палеозой» жобалары бойынша биыл терең ұңғымаларды бұрғылау жұмыстары жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысының битум өндірісін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Caspi Bitum зауытының қуатын жылына 500 мың тоннадан 750 мың тоннаға дейін арттыру жобасы қолға алынды.
Ұлттық компания IPO-ға шығып, акцияларын алғаш рет халыққа ұсынды. Бұл қазақстандық KASE және AIX қор биржаларындағы ең ірі IPO болды. ҚазМұнайГаз ақциялары жарияланған кезден бастап 50%-дан астам өсім көрсетіп отыр.
Компания өз кәсіпорындары орналасқан өңірлерде әлеуметтік жобаларды белсенді жүзеге асырып келеді. Қазіргі кезде Орал қаласында спорт орталығының құрылысы жүріп жатыр. Маңғыстау облысында бірнеше спорт алаңы салынды», - деп жазды Мағзұм Мырзағалиев.
Сонымен қатар ол ҚМГ тасқын су салдарын жою жұмысына қолдау көрсетуді жалғастырып жатқанын жеткізді.
«Еліміздің тұрақты болашағына үлес қосып отырған компанияның әр қызметкеріне алғыс айтамын. ҚМГ ел қазынасын толтырып отырған ең ірі салық төлеушілердің бірі ретінде еліміздің кемел келешегіне өз үлесін қосып келеді. Іске асқан барлық жоба еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, Қазақстанның дамуы мен өркендеуі жолында табиғи ресурстарды тиімді әрі ұтымды игеру жөніндегі компанияның миссиясын орындауға бағытталған.
Асхат Ғалымұлын жаңа қызметімен құттықтаймын. Ол – мұнай-газ саласында мол тәжірибесі бар кәсіби маман. Жұмысына сәттілік тілеймін!», - деп түйіндеді сөзін «ҚМГ» экс-басшысы.