02 қар, 2021 сағат 13:52

Қолына сәби ұстаған әйелдің қымбат ішімдік ұрлағаны видеоға түсіп қалды


Елордадағы супермаркеттердің бірінде әккі ұры қолындағы сәбиін пайдаланып, супермаркеттен қымбат ішімдік ұрлады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Супермаркеттің сауда залындағы бейнебақылау камераларына қымбат алкогольді ұрлау фактісі тіркелді. Кадрда жас баласы бар әйелдің сөредегі виски қораптарын ашқанын көруге болады. Шөлмекті кассадан кедергісіз алып өту үшін ол қорғаныс трекерін тіспен алып тастамақ болған. «Чивас» маркалы виски магниттен ажыратылған соң күдікті күртешеге жасырған шөлмекті баласымен көлегейлеп, кассадан шығып кеткен», - деп жазады департаменттің баспасөз қыметі. 

Жедел-іздестіру кезінде полиция қызметкерлері бұрын бірнеше рет сотталған 24 жастағы астаналық әйелді ұстады.

«Әйел полицияның назарына 2016 жылы ілігіп, бірнеше рет ұрлық пен алаяқтық баптары бойынша сотталған. Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті өз кінәсін мойындады. Енді оның елорда аумағында тіркелген осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.

Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті сауда орындарының иелеріне қырағы болуға кеңес береді. Тауарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін электронды қорғаныс жүйелерінен басқа, бейнебақылау жүйелерін орнату қажет» - деп жазады ведомстводан.