11 там, 2021 сағат 13:05

Колледждерге мемлекеттік тапсырыс аз берген өңірлер аталды


ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов колледждерге мемлекеттік тапсырысты аз берген өңірлерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жастарды тегін кәсіптік-техникалық біліммен қамту мәселесі өте маңызды. Жалпы биыл әкімдіктер тарапынан 96 мың орынға мемлекеттік тапсырыс берілді. Бірақ, NEET санатындағы жастардың ең көп жоғары үлесіне қарамастан Түркістан, Жамбыл облыстарында колледждерге мемлекеттік тапсырыстың төмендеуіне жол берілген. Сондықтан әкімдіктер бұл мәселені қолға алып, қажетті іс-шараларды қабылдауын сұраймын», - деді Асхат Аймағамбетов бүгін Үкімет отырысында. 

Министрдің айтуынша, оқу жылы ұйымдасқан түрде басталуы үшін облыстардың, Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларының әкімдіктері бірқатар мәселені бақылауда алуы тиіс. 

«Барлық білім алушылар үшін оқулықтардың уақтылы жеткізілуін қамтамасыз ету қажет. Білім беру ұйымдарын күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын мерзімінде атқару, қажетті санитарлық және дезинфекциялық құралдармен толық қамтамасыз ету, әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылардың балаларын жаппай оқыту қорынан тасымалдауды, тамақтандыруды және қолдауды уақытылы ұйымдастыру, интернетпен және цифрлық платформаларды қосумен толықтай қамтамасыз ету, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті іс-шараларды аяқтау керек», - деді ол.