Көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов әлеуметтік желі мен WhatsApp мессенджерінде пойыз жолаушыларына қатысты жалған ақпарат тарап жатқанын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2020 жылдың 14 сәуіріндегі № 9 «Қазақстан Республикасында тұрақты ішкі теміржол қатынастары қалпына келтірілген кездегі санитарлық-карантиндік бақылау туралы» қаулысына сәйкес, теміржол пойыздарының жолсеріктері жолаушылар арасында сауалнама жүргізеді.
Сауалнама жүргізу мақсаты – теміржол қатынасының жолаушылары арасында коронавирус инфекциясы тіркелген жағдайда олармен байланыста болған адамдарға қатысты эпидемияға қарсы шара жүргізу.
«Әлеуметтік желі мен мессенджерлерде (Facebook, WhatsApp, Instagram) тарап жатқан теміржол қатынасы кезінде жолаушылар арасында сауалнама толтыру арқылы коронавирус инфекциясына (COVID-19) қарсы чиптеуге өз келісіміңді беру деген ақпарат – жалған», - деп атап өтті Сәдуақас Байғабылов.
Айта кетейік, БАҚ беттерінде, интернет ресурстарда, порталдарда көрінеу жалған ақпарат таратушылар ҚР Әкімшілік кодексінің 456-1-бабы 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапқа тартылады. Аталған факті бойынша материалдар құқық қорғау органдарына берілген.