11 ақп, 2025 сағат 16:44

Көлік тазалағыш: Жастар иіске неге құмартты?

Коллаж: Ult.kz


Бұл карбюратор тазалағыш. Яғни автомобильдің карбюраторын немесе басқа қозғалтқыш жабдықтарын тазалау үшін қолданылатын химиялық тазартқыш. Әдетте, бұл тазартқыш кірді, майды және карбюратордың ішінде қалған басқа қоспаларды жояды. Карбюраторды тазалау қозғалтқыштың жұмысын және отын үнемдеуді жақсартады. Алайда мұны зиянды жағына қолдану да кең етек ала бастапты. Жастар арасында осыны синтетикалық пакетке құйып, иіскеу тәуелділігі пайда болған. Бұл туралы Ult.kz тілшісіне алматылық тұрғын хабарласып айтты.


Алматының Медеу ауданында орналасқан Думан ықшам ауданы бірыңғай қазақтар орналасқан шағын аудан. Мұнда екі үйдің бірінде 4-5-тен жалға беретін бөлмелер бар. Сондай үйдің бірінде пәтер жалдап тұратын Мұрат есімді азамат көршілерінің «біртүрлі қылығынан» шаршағанын айтты. Оның айтуынша, студент қыздар кәдімгі көліктің карбюраторын тазалайтын Karb-ты синтетикалық пәкетке салып, иіскеп, ессіз күйде жүретін көрінеді. 


Фото: azattyq-ruhy, "Думандағы" пәтерлер


«Пәтер жалдап тұратын көрші қыздар студент екен. Үйлеріне жиі қыз-жігіттер қонаққа келеді. Қонақ келсе де, өздері ғана болса да, жаман иіс шығарып, аң-құстың даусын салып, «қиқулап» жатады. Бірде арыстан болып ақырса, енді бірде мысық болып мияулайды. Бұл туралы үй иесіне де ескерттім, алайда қожайын пәтер ақысын алып отырғандықтан, үй ішінде не істесе де араласа алмаймын деп жуытпады. Жаман иістен де, не адам емес, не аң-құс емес дауыстардан да шаршадық. Бала-шаға өсіріп отырмыз, соларға зияны тиіп кете ма деп алаңдаймын», – дейді алматылық тұрғын Мұрат. 


Мамандардың айтуынша, адамдар химиялық қоспаларды иіскегенде галлюцинацияға, яғни көзіне түрлі нәрселер елестеп, естен адасқан күйге енеді. Бірақ «ләззат» алатындар бұл күйге бірден емес, химиялық қоспаны біраз уақыт иіскегеннен кейін өтеді екен. Ал адам үнемі химиялық қоспаларды иіскей берсе, екі жылдың ішінде ішкі ағзалары іріп, жұмыс істеу қызметін тоқтатады екен. Ал жоғарыда аталған жастар құмартқан Karb кез келген дүкенде қолжетімді, небәрі 700–800 теңгелік химиялық қоспа.


Астана қаласындағы психикалық денсаулық клиникасының жоғары санатты психиатр-наркологі Анар Жұмабекқызының айтуынша, иіске тәуелділік шизофренияға ұласуы мүмкін



Фото: mentalclinic.kz


«Жалпы, бұл салада жүргеніме 20 жылдай уақыт болды. 2010 жылдары менен бір адам дәрігерлік кеңес алды. Ол шизофрения дертімен есепте тұрған. Ал ол бұл жағдайға қалай жетті. Сөйтсек, басында токсикомания шақыратын заттарды қолданыпты. Асқына келе, галлюцинация пайда болып, әрі қарай шизофренияға ұласқан. Галлюцинацияның есту, көру деген түрлері болады. Науқаста есту галлюцинациясы пайда болады да, бірінші пайда болған көру галлюцинациясы жо­йылып кетеді. Есту галлюцинациясы ұзаққа созылып кетуі де мүмкін. Менің науқасымда осы есту галлюцинациясы қалып қойған. Одан кейін оған үрей, қорқыныш қосылып, әртүрлі психикалық өзгерістер болған. Сөйтіп, ұйқысы қашып, бірнеше күн ұйықтамай, психиатриялық емханаға жатқызылып, емделеді. Асқынған галлюцинация шизофренияға ұласып, ол науқас қазіргі кезге дейін бізде тіркеуде тұр. Адамдар алғашында иіскеу, токсикомания деп аса мән бермеуі мүмкін, алайда ол – нағыз қауіпті дерт түрі.
Әрине, оның бәрі бірден иіскегеннен пайда болмайды. Алғаш иіскегенде адамның көңілі көтеріліп, өзін жақсы сезінуі мүмкін. Одан кейін қайта иіскегенде басқа сезімге өтеді. Өздерінің айтуынша, денелер мен заттардың пішіні өзгеруі мүмкін, көзіне бірдеңе елестейді, түсініксіз сезімді бастан кешеді. Дер кезінде емделмесе, әрі қарай психикалық, физикалық тәуелділікке әкеп соғады. Иіскейтін затты тұрақты қолданғысы келіп тұрады, оны пайдаланбаса, көңіл күйі бұзылады, физикалық тәуелділік пайда болады», – дейді Анар Жұмабекқызы. 


Маманның айтуынша, жалпы, токсикоманиялық заттарды иіскеу ресми түрде наркотикалық әрекетке жатпайды. Өйткені таксикоманиялық заттар наркотикалық заттардың есебіне тіркелмеген. Алайда адамның денсаулығына оразан зор зиян келтіретін көрінеді.


«Иіскейтін затты алғаш қолданған минутта көз жасаурайды, бас айналуы мүмкін. Адамның ішкі ағзалары бұзылады. Иіскеген заттар қан арқылы миға тез жетеді. Сондықтан енді ғана өсіп кеде жатқан жас ағзаға бұл өте қауіпті. Өкпе мен бауырға зиян. Қарап отырсақ, адам тәуелді болатын заттарды өзі ойлап табатын секілді. Бұрын тек желім мен бензинді иіскесе, уақыт өте келе олардың қатары көбейді. Әрине, ол заттарды жатақханада ғана емес, ата-анасымен тұратын балалар да қолданып жатады. Бәрі адамның өзіне де байланысты ғой. Жастардың көбі ондай заттардың зиян екенін түсінеді. Бірақ экстримді ұнататындар бар, «өмір бір-ақ рет беріледі, бәрін көру керек» деп өзін-өзі құрдымға тастап жібереді. Иә, өмір бір-ақ рет беріледі, бірақ адамша өмір сүру керек қой. Сондықтан ата-ана баласын бос қоймауға, түрлі қосымшаларға беріп, оны барынша да­мытуға тырысқаны жөн. Сонымен бірге баламен үнемі сөйлесіп отырғаны дұрыс. Әйтпесе данышпан Абай айтқандай, «Жұмысы жоқтық, қарыны тоқтық, аздырар адам баласын» болады.
Химиялық затты иіскеген алғашқы кезеңде көңіл күйі көтеріледі, екінші кезеңінде адам ашушаңдыққа бой алдырады, үшінші деңге­йінде галлюцинация пайда болады. Бұл жерде науқас бірінші наркологке барып ем қабылдауға тиіс. Келесі сатысында психологпен жұмыс істейді», – дейді Анар Жұмабекқызы. 


Психиатр-наркологтің айтуынша, мұның емдеу жолы да нашақорлықтың ем-шарасы секілді. Себебі науқас емханадан шыққаннан кейін токсикомониялық заттарға көзқарасты өзгертуі, яғни оның зиян екенін, қабылдамау керек екеніне көз жеткізуі керек. Оның орнын спортпен шұғылдану деген секілді пайдалы істерге ауыстыруға тиіс. Бұл – өте ұзақ әрі қиын жұмыс. Сол себепті жастарды кез келген тәуелділіктен сақтауымыз керек.


Ақбота Мұсабекқызы