29 нау, 2021 сағат 12:59

Көлік салығы қандай өлшемдер бойынша есептеледі?

Салық органдарының өкілдері көлік салығының мөлшері қандай өлшемдер бойынша есептелетінін түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Мемлекеттік кірістер комитетінің өндірістік емес төлемдерді, жеке тұлғаларды әкімшілендіру және арнайы салық режимі департаментінің директоры Азамат Садықов биыл көлік салығын төлеудегі басты ерекшеліктер туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, көлік салығына қатысты операциялардың бәрі түгелдей цирфлық жүйеге көшірілген. Яғни, e-Salyq Azamat қосымшасы арқылы барлығын үйде отырып-ақ тындыруға мүмкіндік бар. 

«Биыл мемлекеттік кірістер комитеті бірінші рет көлік салығының күтілетін төлемдерін e-Salyq Azamat мобильды қосымшасына бағыттайды. Яғни, бүкіл процесс цифрландырылған. Көлік құралдарының 2020 жылғы салығын төлеу мерзімі 2021 жылдың 1 cәуірінде бітетінін еске саламыз. Бұл жолғы төлемдерді есептеу кезінде Әкімшілік полицияның ақпараттары ескерілгенін айта кету керек», - деген комитет өкілі жылдағыдай сатылып кеткен көліктің салығын бұрынғы иесінің мойнына жазу сияқты келеңсіздіктер болмайды деп сендірді. 

«Мемлекеттік кірістер комитеті мен ІІМ-нің Әкімшілік полиция комитеті арасында ведомстволық ақапраттық жүйелердің біріздендірілуі жүріп жатыр. Яғни, көлік салығы қазіргі иеліктегі көлікке ғана салынады. Көлік басқа біреудің меншігіне сатылған немесе берілген болса, cалық көлемі көлік құралының есептен шығарылған мерзіміне дейінгі төлемі есептеледі», - дейді Азамат Садықов. 

Ол. Сондай-ақ, көлік салығының мөлшері қандай өлшемдер бойынша қалыптасатынын түсіндірді. 

«Жеңіл автомобильдер үшін салық мөлшері қозғалтқыштың көлеміне, ал жүк көліктері үшін жүк көтеру салмағына, автобустар үшін отыратын орындар санына байланысты. Мотоциклдер үшін көлік салығы қозғалтқыштың қуатына байланысты есептеледі», - деді маман.