14 шіл, 2023 сағат 15:05

Көлік прокуратурасы министр бұйрығына наразылық келтірді

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Көлік прокуратурасы темір жол көлігімен жолаушыларды тасымалдау Қағидаларына қатысты министр бұйрығына наразылық келтірді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" құзырлы органның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көлік прокуратурасы жоспарлы талдау нәтижелері бойынша Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылдың 30 сәуіріндегі "Теміржол көлігімен жолаушыларды, багажды, жүк-багажды және пошта жөнелтілімдерін тасымалдау қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына наразылық келтірген.

"Аталған Қағидаларға сәйкес 15 және одан асқан балалар «ҚТЖ «ҰК» АҚ-ның қызметтерін заңды өкілден нотариалды куәландырылған жазбаша келісім мен сенімхат болған жағдайда ғана дербес пайдалана алатыны анықталды.

Бұл норма Азаматтық кодекске және «Нотариат туралы» Заңға сәйкес «келісімді» куәландыру мен «сенімхат» беру өз алдына бөлек нотариаттық іс-әрекет екені ескерілмеген.

Бұл ережелерді қолдану мониторингі көрсеткендей, жолсеріктер Қағидаларға сілтеме жасап, бұндай жолаушылар сапарға жіберілмей немесе оларды қозғалыс барысында алынып тасталынған жағдайлар болған.

Бүгінгі таңда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі прокуратураның наразылығын толық көлемде қанағаттандырды және «ҚТЖ «ҰК» АҚ бір ғана құжаттың (нотариалды куәландырылған келісім) болуы бойынша осындай қызметтер көрсету туралы нұсқау берді" - делінген хабарламада.

Сонымен бірге уәкілетті орган жолаушыларды темір жол көлігімен тасымалдау жөніндегі Қағидаларға тиісті түзетулер енгізу және жалпы оны жетілдіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.