26 қар, 2022 сағат 14:20

Көлгінов отставкаға кететіні туралы сыбыстарға түсініктеме берді


Астана әкімі Алтай Көлгінов елорда басшысы қызметінен кететіні туралы желіде тараған ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Мен сыбыстарға байланысты ештеңе дей алмаймын. Меніңше, бәрін уақыт көрсетеді. Өздеріңіз білетіндей, заңға сәйкес, Конституция бойынша Президент сайланғаннан кейін әкімдердің бәрі де өз лауазымын босатады. Әрі қарай не болатынын өздеріңіз ести жатарсыздар", - деді Көлгінов елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен ұлықтау рәсімінен кейін.

Осы орайда қала әкімі "әрдайым елге, қоғамға қызмет етуге дайын" екенін атап өтті.

"Мемлекеттік қызметтің мәні де сонда" деп санайды қала басшысы.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Астана әкімі Алтай Көлгіновтің орнына Жеңіс Қасымбек тағайындалатыны туралы ақпарат тараған еді. Қасымбек қазір Қарағанды облысын басқарады.