ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов 2021 жылғы көктемгі дала жұмыстарына дизель отынын жеткізуге жұмыстарын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» ҚР Заңына сәйкес Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері «Көктемгі егін жұмыстарын жүргізуге дизель отынын жеткізу бойынша облыстарды мұнай өңдейтін зауыттарға және ресурс ұстаушыларға бекіту кестесін» әзірледі. Кесте аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге Павлодар мұнай-химия зауыты мен «ПетроҚазақстан ойл продактс» ЖШС-дан – тоннасына 174 мың теңгеден, Атырау мұнай өңдеу зауытынан – тоннасына 172 мың теңгеден жеңілдетілген дизель бөлінеді. Кесте бойынша 380 мың тонна дизель қарастырылған», - деді Әсет Мағауов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Жеткізуді және басқа да шығындарды ескере отырып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге дизель бағасы жанармай құю стансаларындағы бөлшек сауда бағасынан 13-14%-ға (21-22 теңге/литр) төмен.
«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге (АШТӨ) мұнай өңдеу зауыттарынан дизельді тиеп-жөнелтуге басымдық беріледі. Тиеп-жөнелту тәулік сайын бақыланады және қадағаланады. Айта кету керек, министрлікте АШТӨ үшін дизель отынына арзандатылған бағаларды заңнамалық бекіту құзыреті жоқ. Бірақ, аАуыл шаруашылығының мұқтаждықтары үшін дизель отынының құны жанар-жағармай нарығына қатысушылармен келісу жолымен айқындалады және ресурс ұстаушылардың өздері ерікті түрде белгілейді», - деп түсіндірді вице-министр.
Биылғы 9 наурыздағы жағдай бойынша 11,3 мың тонна дизель тиеп-жөнелтілді.