26 нау, 2020 сағат 23:26

Көкшетау мектептеріне Абай мен Әл-Фараби есімдері берілетін болды

Ақмола облыстық мәслихатының кезекті сессиясында Көкшетау мектептеріне Абай мен Әл-Фараби есімдерін беру туралы ұсыныс енгізілді. Бұл туралы аймақ басшысы Ермек Маржықпаев әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Облыс әкімі селекторлық режімдегі Ақмола облыстық мәслихатының кезекті сессиясына қатысқан. Жиында өңірде туризмді дамытудың ахуалы мен болашағы, Ақмола облыстық мәслихатының 2019 жылғы қызметі туралы есеп, облыс бойынша қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін бекіту, жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау қағидаларын бекіту жайы қаралған. 

«Сонымен қатар, «Ақмола облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар қатынастардың тізбесін айқындау туралы» облыстық мәслихаттың 2019 жылдың 10-шы сәуіріндегі шешіміне өзгерістер енгізу талқыланды, бұдан бөлек, Ақмола облысында сыртқы (көрнекі) жарнаманы елді мекендердегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінде, елді мекендерден тыс жердегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте және жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінен тыс жерде орналастыру тәртібі мен шарттары туралы ережелер бекітілді. Ішкі саясат басқармасымен №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатына Абай есімін, ІТ мектеп-лицейіне Әл-Фараби атын беру туралы ұсыныс енгізілді», - деп жазды Ермек Маржықпаев Instagram-дағы парақшасында

Аймақ басшысы атап өткендей, мәслихат сессиясында облыс әкімдігінің жанында жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші органдардағы өзгерістер бойынша 7 шешім қабылданды.

«Бұрын күн тәртібінде мәлімделген 2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізу туралы мәселе Республикада төтенше жағдай енгізілуіне байланысты алдағы уақытта мемлекеттік бюджетті оңтайландыруға орай республикалық бюджет нақтыланғанға дейінгі мерзімге ауыстырылды», - деп толықтырды аймақ басшысы.