Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көксәйек арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығын тексеру нәтижелерін талқылады.
Онлайн-режимде өткен Әлеуметтік жұмыстың басым бағыттары мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңес отырысы барысында Түркістан облысының №3 Көксәйек арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының арнайы мониторинг тобы жүргізген тексеру нәтижесі қаралды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукеновтің төрағалығымен өткен іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, бейінді мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Бұған дейін қоғам белсендісі Ақмарал Өміралинова (Маделханова) әлеуметтік желілерде қызмет алушылар мен орталық қызметкерлерінің құқықтарының бұзылуы туралы айтқан болатын. Тексеру жүргізу үшін мониторинг тобы құрылды, оның құрамына құзыретті орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың мамандары, сондай-ақ Ақмарал Өміралинова кірді.
Отырыс барысында ҚР Еңбекмині Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Асқар Аймағамбетов тексеру нәтижелері қызметкерлердің еңбек қатынастары мен жұмыс режимінің бұзылу фактілерін көрсеткенін хабарлады. Сондай-ақ, медициналық қызмет көрсету, санитариялық нормаларды сақтамау, қызмет алушыларды дене еңбегіне тарту бөлігінде бұзушылықтарға жол берілген.
Бұдан басқа, материалдық-техникалық базаның әлсіз жарақтандырылуы, кейбір сатып алынған тауарлардың (сүт өнімдері, жұмсақ құрал-сайман және киім-кешек техникалық ерекшелікке сәйкес келмеді) сәйкессіздігі анықталды, сондай-ақ кейбір тауарларда сәйкестік сертификаты болған жоқ.
Отырыс барысында Көксәйек орталығының директоры Иманәлі Амангелдиев орталықтың қызметін жақсарту бойынша әзірленген және бекітілген қысқамерзімді және ұзақмерзімді жоспарлар негізінде материалдық-техникалық базаға толық түгендеу жүргізілгенін және сапалы қызмет көрсету үшін қажетті негізгі құралдарды сатып алуға бюджеттік өтінімдер жасалғанын хабарлады.
Оларға ғимарат пен жабдықты жөндеу, интернет байланысын жақсарту, бейнебақылау жүйесін жаңарту кіреді. Орталық жанынан қоғамдық бақылау кеңесі құрылды, ол орталық қызметінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету, көрсетілетін қызметті алушылардың заңды құқықтарын сақтау жөніндегі жұмысқа белсенді түрде кірісті.
Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева өңірде арнайы әлеуметтік қызметтер ұсынатын ұйымдар желісін кеңейту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.
Мәселен, Түркістан облысының құрылуына және бірнеше медициналық-әлеуметтік мекемелердің 2018 жылы Шымкент қаласының балансына берілуіне байланысты Түркістан облысын дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспарын іске асыру шеңберінде Түркістан, Арыс және Кентау қалаларында, сондай-ақ Келес және Түлкібас аудандарында сыйымдылығы аз арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарын салу көзделген.
Кентау қаласында 200 орындық мүгедектерді оңалту орталығының құрылысына мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынды, 50 орындық 6 әлеуметтік нысанның құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптаманың қарауында жатыр.
Бұл нысандардың құрылысы мемлекеттік қаражат есебінен де, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясындағы демеушілік қаражат есебінен де жоспарланып отыр.
Мәселен, 2020 жылдың 4 маусымында облыс әкімдігі, «Сымбат-Аі» ЖШС және Келес, Түлкібас аудандары мен Кентау қаласының әкімдіктері арасында қайырымдылық көмек ретінде инвестордың өз қаражаты есебінен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде құрылыс жүргізу туралы өзара ынтымақтастық туралы үш жақты меморандумға қол қойылды.
Үш нысан құрылысының жалпы құны - болжам бойынша 6,9 млрд теңге. Құрылысты аяқтау және 3 нысанды пайдалануға беру 2021 жылдың көктеміне жоспарланған.
Ведомствоаралық кеңестің қатысушыларына тыңдау нәтижелері бойынша жұмыс істеп тұрған МӘМ-ді үлкейту, шағын жинақталған әлеуметтік мекемелер салу және үкіметтік емес ұйымдар арқылы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде қаржыландыру көлемін ұлғайту мәселесін қарау бойынша ұсынымдар берілді.