#
#
Бейсенбі 03/12/2020

Көк аспан, қара жер

  • 31.10.2020
  • 0
  • 421

СОЛ ЖАҚ СЕЗІМ АЙНАСЫ

Біз эмоциямызды сол жақ бетімізбен көбірек білдіреді екенбіз.

Ғалымдар солай дейді. Зерттеу нәтижесі осындай қорытынды шығарған. Бұл нәтижені кәсіпқой суретшілер де растайды. Тіпті фотоға түскенде де адам сол жағымен түсуге тырысады екен.  

***

АЛТЫН-КҮМІС АС ЕКЕН

Күмістің пайдалы екені әлімсақтан белгілі. Мысалға ислам әлемінде еркек алтын емес, күміс тағу керек деген қағида бар. Бұның еркекке пайдалы екені де айтылады. Қан қысымы жоғары адамдардың көбі қолына күміс білезік тағады. Енді ғалымдар күмісті аз мөлшерде жеуге болатынын айтады. Ол инфекциядан сақтайды дейді. Бірақ біздің қоғамда күмісті жегеннен көрі сатқан пайдалырақ секілді. 

***

ҚАРЖЫНЫ ҚОЛ ТАБАДЫ

Америкадағы әйгілі «Азаттық» ескерткішінің әуелі алау ұстаған қолы ғана болған. Ескерткішті бірінші Филаделфияға қойып, артынан Нью-Йорк қаласына ауыстырыпты. «Азаттық»  алауын көруге келген туристтердің қаржысына кейін қалған денесін тұрғызған. 

Егер бұл ескерткіш біздің Қазақстанда болғанда «Азаттық алауы» деп аталар еді. Және сол атпен қалар еді. Өйткені біздің ел туристердің ақшасына ештеңе тұрғызған емес.  

***

«ҚАЙ ЕЛДЕ, МЕЙЛІ, ҚАЙ ЖЕРДЕ»

Испанияда кісен сөзі esposas деп айтылады. Бұл сөз әуелде әйел деген мағына берсе керек. Таң қалатын түгі жоқ. Ертеде қазақ баласын үйлендіру керек дегенді «аяғына тұсау салу керек» деп айтатын болған. Шалғайдағы испандықтар мен қазақ ұғымы бір-біріне ұқсай ма, әлде жер бетіндегі әйелзаты бірдей ме?  

***

«ҚАЛАУЫН ТАПСАҢ, ҚАР...» ЖЫЛЫ

Эскимостардың қардан жасайтын Иглос (ағылшынша атауы) тұрағы біз ойлағаннан әлдеқайда жылы.

Оның жылылығы 20 градусқа дейін жетеді екен. Стандарт бойынша үй жылылығы 19 градустан төмен болмау керек. Одан төмен болса өзіміз «ҚарағандыЖылуды» тоқпақтаймыз. Ал қардан қаланған үй қалай еріп кетпейді? Мәселе осында. Иглос  деп аталатын бұл тұрақта есік атымен жоқ. Себебі майшам немесе ошақ отының көмір қышқылгазы осы есіктен шығып, таза ауа да осы есіктен кіреді. Кіреберістік «едені» бөлме ішіндегі «еденнен» әлдеқайда төмен қазылған. Жылуды ұстап тұруға бұның да пайдасы зор. 


***

ҚЫЗЫЛ ПЛАНЕТА ҚЫЗЫҚТАРЫ

Төрт миллиярд жыл бұрын Марста ауа да, мұхит та болған. 

Бүгінде Марста адамзат жіберген роботтардан басқа ештеңе жоқ. Нақтырақ айтсақ жеті роботтан басқа. Жетеуінің өзі де ымырасыз, қызыл планетаның сай саласын кезіп жүр. Сондықтан болар, 2013 жылы Кьиюросити атты робот бір жасқа келгеніне байланысты құттықтау өлеңді өзіне-өзі айтыпты. Егер роботта жан болса жалғыздықтан жарылып кетер еді. Айтпақшы, 2022 жылға жүз мың адам Марсқа баруға һәм сол планетаны игеруге өтініш беріпті. Егер бұл жүзеге асса  Кьиюроситидің он жасына арналған құттықтау өлең хормен айтылады.

Қызыл планетада мұхит болған дедік қой. Мұхит болғанда да Марс көлемінің 19% алып жатқан айдын-шалқар мұхит болыпты-мыс. Сонымен қатар біздің серігіміз Ай болғаны секілді Марстың да екі серігі бар. Олар Үрей һәм Қорқыныш деп аталады.

Тағы бір қызық бар. 1997 жылы Иемен мемлекетінің үш азаматы NASA – ны Марсқа бармақ ниеті үшін сотқа берген. Олардың айтуынша үш мың жыл бұрын аталары Марсты иемендіктерге мұраға қалдырыпты. Кім білсін, мүмкін адамзат бір кездері Марсты мекен еткен шығар. Бүгінгі қызыл планетаның аянышты хәлінде адамзаттың қолтаңбасы бар секілді.  

***

СӘНГЕ АЙНАЛҒАН ДЕРТ 

1800 жылдары құрт (туберкулез) ауруы сәнге айналған. 

Он тоғызыншы ғасырға дейінгі суретшілердің суретін қарасақ картинада толық әйелдер бейнеленгенін байқаймыз. Бұл толықтықтың өзі табиғи инстинктімен сәнге айналғанын айтады ғалымдар. Байырғы еркектер толық әйелді денсаулығы жақсы деп сенген көрінеді. Табиғи инстинктіге салсақ адам бойындағы махаббат сезімінің барлығы ұрпақ өрбіту жолындағы бейсаналы құбылыс. Осынау ескі түскінік һәм салтанатты сән әлеміне құрт ауруы төңкеріс жасапты. Құрт ауруына тән талдырмаш дене, кеберген ерін, өңген шүберектей бет ұшындағы қызғылтты 19 ғасыр бикештерінен кездестіруге болар еді. Осының кейбір элементтері бүгінге дейін жетті. Бұл сән өз кезегінде диета, жаттығу залына бару, карсет, опа-далап, пластикалық операция сияқты дүниелерге жол ашты. Егер сәнде бұрынғыша толықтық болар болса экономиканың әйелдер тіреп тұрған тұсы гүрс етіп құлаған болар еді.


***

Coca-Cola ШАРАП ПА?

Coca-colа сусынын әуелде морфинді қою үшін ойлап тапқан. 

1865 жылы Пембертон деген дәрігер соғыста кеуде тұсынан ауыр жараланып, ұзақ уақыт ем алған. Азабын жеңілдету үшін әлбетте морфин қабылдапты. Жылдар өтіп жара жазылыпты да, апиын, морфин секілді дәрілерді үзіліссіз қабылдау әдеті қалмапты. Дәрігер ұзақ ізденістен кейін ауырғанға шипа болатын, бірақ құрамында есірткілік заттары жоқ, коко жапырағынан Coco-colo сусынын жасаған. Әуелде бұл сусынды дәрігер «Пембертонның француздық кокайн шарабы» деген атпен саудалапты. Сұраныс болғаны ғой, Coca-Cola-ның біздің заманға жетуі. 


***

ҒАЛЫМ АЙТСА, ҚАЛЫП АЙТПАЙДЫ 

Қазір адамның тырнағы бұрнағы ғасырдағыдан жылдам өседі.

Британ ғалымдары осылай дейді. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарымен салыстырғанда біздің тырнағымыз едәуір тез өседі екен. Бұл адамзат баласының денсаулығының жақсаруымен байланысты дейді олар. 

Тырнақ әлбетте адам денсаулығының айнасы. Кәнігі емшілер тырнаққа қарап-ақ диагноз қоятыны белгілі. 


*** 

ШАЛҒЫННЫҢ «ШЫҢҒЫРҒАН» ДАУЫСЫ

Ауылда жүргенде шабылған шөптің иісін құшырлана иіскейміз-ау. Бірақ бұл иіс қорқыныштың иісі екенін қайдан білейік?!

Ғалымдардың да шығармайтыны жоқ. Әйтсе де білген соң айтады ғой. Шалғын шөптің де қорғану түйсігі бар болып шықты. Мал күрт-күрт шайнағанда, шегіртке секілді жәндіктер жегенін жеп, жемегенін баудай түсіріп секіріп кете барғанда, шалғы тигенде осы иіс шығады дейді. Орыс ақыны Вознесенскийдің «ақындық деген – терезені тарс еткізіп жапқанда оған қыстырылып қалған сәуленің шыңғырған дауысын есту» дегені бар. Ғалымдар да өз ісінің ақындары ғой.   

***

МИДЫҢ «ЖЕГЕНІ» АДАЛ

Адамның миы дененің 2% пайызын құрайды. Әйтсе де оның жұмысына қалған дене мүшесі еңбекпен табатын глюкоза мен оттегінің 20% кетеді. 

Бұл мидың қалыпты жағдайындағы тәбеті. Ал егер қауырт жұмыс істесе одан да көп глюкоза мен өттегін пайдаланады. Бірақ бұның «жегені» адал. Себебі адамның өзге ағзасында демалыс бар. Ұйқы әлетінде адаммен қатар өзге мүшелер ұйқыға кетеді. Ал ми ше? Ми қонақ күткен әйел секілді. Қалғандарының соңын жинап бірақ жатады. Мысалға, сіз жеген тамақта «а», «в», «с» және тағы басқа көптеген дәрумендер бар. Соның бәрін «сарқыт салғандай» жүрекке, бауырға, бүйрекке үлестіреді. Қалғанын әжетханаға қоя береді. Одан бөлек мидың геолокациясы өшпейді. Егер сіз ұйықтап жатқанда саныңызды маса шақса, қолыңыз сол нүктені ұйқы үстінде дәл тауып қасиды. Айттық қой, мидың «жегені» адал. 

***

ОН ЕКІ АРА БІР ҚАСЫҚ

Қазақ тәттіні айтсақ «балдай» дейміз. Ал өзіміз балдың қадірін білеміз бе?

Сіз жеген бір қасық бал 12 араның ғұмыр бойғы еңбегі. Бір ара қасықтың он екіден бір бөлігін ғана толтыра алады екен. Құйттай ғана жәндіктің ұрпақ үшін деп ғұмырын арнаған еңбегін біз бір-ақ рет асаймыз. 


***

ИЕСІЗ КӨЛЕҢКЕЛЕР

«Атом көлеңкесі» деген термин бар. Өкінішке орай. 

Бұл атом бомбасымен тікелей байланысты. Оның қуат-күшін әйгілейтін феномен десек те болады. Мәселе мынада. Атом бомбасы жарылғанда ол адамның тәнін радиация қуатымен бір сәтте жоқ қылып жібереді. Егер адам қабырғаға жақын тұрған болса ол адамның көлеңкесі ғана қалады екен. Тіпті иесіз көлеңкелердің Хиросимадағы жарылыстан кейін жасалған фотосуреттері бар. Не деген қасірет десеңізші. Біздің Семей даласында қанша иесіз көлеңке қалды екен?


***

КЕРІКТІҢ КЕРІМ ДАУЫСЫ

Керіктің керім дауысы бар. Бірақ мұны біз естімейміз. 

Осы уақытқа дейін ғалымдар керікті мылқау санап келген. Себебі олар өзге жануарлар секілді дауыс шығарғанын ешкім естімеген. Себебі енді анықталды. Олардың дауыс жиілі мүлде төмен екен. 20 Гц. Адам құлағы мұндай төмен жиіліктегі дыбысты естуге қабілетсіз. 

Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться
БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар