09 нау, 2019 сағат 19:55

Қоғамның негізі – ұлттық болмыс

«Біз дәстүр­лілікті ту еткен қоғамнан қазіргі заманғы қоғамға бет бұрдық. Сол себепті, біз үшін әр түрлі мәдениеттердің өзара қақтығы­сына жол бермей, ұлттық дәс­түрлер мен модернизациялық қағидалар­дың үйлесім табуын қамтамасыз етудің маңызы зор».

Нұрсұлтан Назарбаев

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халыққа арнаған Жол­дауын­да ел дамуындағы ауқымды жоспардың тағы бір негізгі сатысын айқындап көрсетіп берді. Жолдаудың басты бағыты – әлеуметтік һәм экономикалық саланың дамуын меңзейді. Себебі, еліміз заман көшіне ілесіп, жедел өркендеуі керек. Бизнесте, өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында және басқа маңызды салаларда жаңа, заманауи технологияларды енгізу, оларды игеру, сондай-ақ, сандық саладағы бастамаларымыз бен стартаптарымызды дамытуға жағдай жасау тапсырылды.

Елбасы өз Жолдауында әлеуметтік салаға үлкен басымдық беріп отыр. Бүгінгі таңда қаржылық дағдарыс, әлемдік валюталық қор сая­саты, мұнай бағасы сынды аса өзекті факторлардың ықпалынан Дүние жүзінде инфляция көрсеткіші жыл сайын көтеріліп жатқаны белгілі. Біздің ел де әлемдік нарық­тың белсенді бір ойын­шысы болған­дық­тан, осы өзгерістің «суығынан» шет қала алмайды. Оның әсері белгілі бір деңгейде ғана сезілері анық. Соған қарамастан, елімізде зейнет­ақы мен жәрдем­ақы және басқа да әлеуметтік төлем­дер халық сұранысын қанағаттандырарлықтай деңгейде көбеюде. 

Асылы, тәуелсіздік алғалы ширек ғасырдан астам уақыт көлемінде саяси-экономикалық ахуалын жоғары деңгейде орнықтырған Қазақ елі дамудың даңғыл жолында айтулы жұмыстар атқарған.

Президенттің идеялары һәм жоспар­лары қай уақытта да Қазақстан халқының өмірі мен тұрмысының мән-мазмұнына айналмақ. Кез-келген саясат немесе мемлекеттік бағдарлама жемісті болуы үшін ұлттық идея формуласы ретінде қарас­тырылуы керек. Әлемдік тәжірибе ұлттық идея алдымен ұлттық экономика бірқалыпты дамып, оған халық қуаты жұмылдырылып, қолдауы жәрдемдескен соң жүзеге асатынына көзімізді жеткізді. Яғни ұлт­тық идеяның алғышарттары мен игіліктері экономи­кадан бастау алмақ. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Орталық Азия барысы» атану, бәсекеге қабілетті экономика құру, индуст­риялық-инновациялық даму жолындағы сарабдал саясаты сөзсіз бүгінгі әлеуметтік жаң­ғыру идеясының баспалдағы болды. 

Ұлт көшбасшысының болашақта да мән-мағынасын жоймайтын жолдаулары, тапсырмалары мен ұсыныстары еліміздің әр азаматы үшін мақсатты түрде жетістікке жету жолы деп қабылданғаны абзал. Ал, кемел ой мен биік мәдени парасат жоқ жерде өркениеті қоғам қалыптастыру да мүмкін емес. «Адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, шолғыншысы – ой, жолдасы – кәсіп, қорғаны – сабыр, қорғаушысы – мінез» деп қазақ халқы текке айтпаған. 

Тәуелсіздік жылда­рын­да халық өмірінің сапасын арттыру мәсе­лесі - Қазақстанның мемлекеттік саясатында әлеуметтік тұр­ғыдан алғанда маңызды міндет саналды және алдағы кезеңдерде де солай болып қала бермек. Оған елдің бүгінгі ұстанған бағыты дәлел. Тиісінше, бұл - халқы­мыз­дың мәдени даму процесін де айқындайды.

Ал, қоғам тек қана нарықтық, яки экономи­калық қатынастардан тұрмайды. Нарық пен қоғам екі бөлек әлем. Қоғамның негізі – ұлттық болмыс. Болмысынан, тамыр-табиғатынан айырылған қоғамда ешқандай арман-мұрат болмайды. Ондай қоғамның жалғыз жолы бар - баю һәм қырып-жою, азғындану. Мұндай қауіпті құбылыстардың кеселі де зор. Шектен шығу ақыр түбі қоғамды аздырып қана қоймайды, ертелі-кеш оның арты орасан әлеуметтік-таптық төңкерістерге әкеп соқтырады. Оған дәлел - әлемнің әр тарабындағы бас-аяғы жоқ дау-дамайлар мен түрлі төңкерістер. Бұл - ол кей халықтардың рухани жағынан да, әлеуметтік-экономикалық даму жағынан да кенжелеп қалғанын көрсетеді.

Міне, адамзат жебені ойлап тапқан күннен бастап уақыт пен кеңістік қатар өзгерді. Бір замандарда дөңгелекті ғылымның айтулы жетістігі, керемет жаңалық деп қабылдаған қоғамды бүгінде ешнәрсемен таңқалдыра алмаспыз. Әлем күн сайын өзгеріп жатыр. Бұл көштен Қазақстан да қалып қоймай, мемлекетіміз бен халқымыз үдемелі дамудың жолына түсіп, жаңғырып, жаңарып отыруы керек.

Осы ретте, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың уақытылы жарияланған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы - қоғамның өзекті мәселелерінің нақты да ұтымды шешімін тапқанын, жаңа бағытта дамудың оңтайлы жолын көрсете білгенін тағы бір мойындауымыз керек.

Ерасыл Ақжігіт